Мағзұм Мырзағалиев АҚШ-та бірқатар компания жетекшілерімен кездесу өткізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары шеңберінде Нью-Йорктегі америкалық компания өкілдерімен жетекшілік ететін салаларда ынтымақтастық орнату мақсатында бірқатар кездесу өткізді.

Бұл туралы министрлік өзінің Facebook парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, министр БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі Мирьяна Сполярич Эггер ханыммен, FreePort, Baron, Schlumberger жəне басқа да компаниялардың өкілдерімен кездесті.

Көптеген мəселелер, оның ішінде Қазақстан аумағында геология, геологиялық барлау, қоршаған ортаны қорғау, гидрометеорологиялық желілер саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігі талқыланды.

FreePort компаниясының өкілі Кинг мырза министрмен сұхбат барысында Қазақстанның нарығына молибден өндіру бойынша шығу ниетін танытты.

Бұл мəселені егжей-тегжейлі талқылау үшін таяу арада Нұр-Сұлтан қаласында кездесу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Baron өкілдерімен кездесуде ұлттық гидрометеорологиялық желіні дамыту мәселесі сөз болды. Тараптар бұл мəселе жөнінде пікір алысып, келешек ынтымақтастық аспектілерін талқылады. Компания өкілдері министрлікке осы мəселе жөніндегі өз пайымдарын айтуға уəде берді.

Министрлік сондай-ақ, Небраска-Линькольн университетімен меморандум жасасты. Оның мақсаты – су ресурстары, кадр дайындау саласын бірлесіп зерттеу.

Бұдан басқа, геологиялық барлауды инвестициялау бойынша Western Geco (Schlumberger бөлімшесі) компаниясы тарапынан уағдаластыққа қол жеткізілді. Тиісті меморандумға қол қойылып, компания тарапынан ынтымақтастық және қаржыландыру механизмі мәселелерінің егжей-тегжейі пысықталуда.

«АҚШ-та өткізілген бұл кездесулердің мақсаты елімізге инвестиция, жаңа технологиялар тарту. Ірі америкалық компаниялармен табысты диалог кезінде қарсы тарап біздің еліміздің аумағында бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті екендіктерін жеткізді. Біздің министрлікте тағы да келіссөздер жүргізуге келістік. Байланысымыз жалғастырылады жəне бізге АҚШ компанияларымен бірге ірі жобаларды іске асырудың сəті түседі деп үміттенемін», - деді М. Мырзағалиев сапарды қортындылай келіп.

Соңғы жаңалықтар