Мағжанның таңдамалы туындылары қырғыз тілінде жарық көрді

None
None
ОШ. ҚазАқпарат - Қырғызстанның Ош қаласында өтіп жатқан «Шыңғыс Айтматов мұрасы: жаһандану дәуірінде ынтымақта өмір сүру» атты ІІ қазақ-қырғыз зиялылары форумында Халықаралық Түркі академиясы қырғыз тіліне аудартып, басып шығарған Мағжан Жұмабаев шығармалары жинағының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Арыстан айбат» деген атпен жарық көрген жинақтағы туындыларды қырғыз тіліне Қырғызстан жазушылар одағының төрағасы, қырғыздың халық ақыны Акбар Рысқұлов аударған болатын. Аудармашы кітапқа Мағжанның 80-ге жуық өлеңі мен «Батыр Баян» және «Қорқыт баба»   дастанын енгізгенін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, TWESCO өткен жылы Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін 9 тілде, атап айтқанда ағылшын, түрік, әзербайжан, моңғол, өзбек, қазақ, қырғыз, алтай, башқұрт тілдерінде жинақтап, бір кітап ретінде басып шығарған еді. Ал, мамыр айында Өзбекстанда ақынның өзбек тіліне тәржімаланып, «Танланған асарлар» деген атпен жеке жинақ ретінде жарық көрген кітаптың тұсаукесерін өткізген болатын.

Түбі бір түркі жұртының азаттығы мен бірлігін жырлаған, Түркістанның тұтастығын аңсап өткен ақынның туғанына биыл 125 жыл толып отыр. Осыған орай TWESCO 2018 жылды «Мағжан жылы» деп жариялаған еді.

Соңғы жаңалықтар