Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдығына арналған ескерткіш монета айналымға шықты - ҰБ

None
None
АСТАНА. 28 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2013 жылғы 28 мамырдан бастап нейзильбер қоспасынан жасалған номиналдық құны 50 теңгелік Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдығына арналған ескерткіш монетаны айналымға шығарды.

2013 жылғы 25 маусымда Алаш қозғалысының қайраткері, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі ақын, жазушы, публицист, Мағжан Жұмабаевтың туылғанына 120 жыл толады. Бұл туралы ҰБ баспасөз қызметінен хабарланды.

«М. Жұмабаевқа 120 жыл» ескерткіш монетасының бет жағында (аверсінде) жоғары бөлігінде Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген. Елтаңбаның оң жағында «ҚҰБ» деген аббревиатура бар. Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін «50 ТЕҢГЕ» деген жазу бар. Номиналдың сол және оң жағында ұлттық өрнектің элементі бейнеленген. Айналдыра мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген жазу және шығыңқы жиек бар. Монетаның сырт жағында (реверсінде) стильдендірілген ашық кітаптың бейнесі берілген, оң жақ бетінде Мағжан Жұмабаевтың бейнесі, сол жақ бетінде төрт жолға орналастырылып мемлекеттік тілде «МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ 120 ЖЫЛ» деген жазу бейнеленген. Ал жоғары бөлігінде монетаның соғылған жылын білдіретін «2013» деген сан орналасқан. Айналдыра шығыңқы жиек бар. Монетаның бет және сырт жағындағы бейнелер мен жазулар бедерлі. Қыры (гурты) бедерлі. Монета нейзильбер қоспасынан жасалған, диаметрі - 31 мм., массасы - 11,17 грамм, таралымы - 100 мың дана. Номиналы 50 теңгелік ескерткіш монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ шоттарға, салымдарға, аккредитивтерге есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.

Соңғы жаңалықтар