Магнус Карлсен: Шахмат туралы ойлауды ешқашан тоқтатқан емеспін

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда зияткерлік ойынға қызығушылық айтарлықтай артқан. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатына белгілі норвегиялық шахматшы, шахматтан қазіргі әлем чемпионы Магнус Карлсен айтты, деп хабарлйады ҚазАқпарат тілшісі.

Магнус Карлсеннің пікірінше, соңғы жылдары бүкіл әлемде, сондай-ақ Қазақстанда зияткерлік ойынға қызығушылық айтарлықтай артқан. Оның өзіндік бірқатар себебі бар.

«Соңғы екі жылда ковид пандемиясына байланысты адамдар төрт қабырғаға қамалып, үйде отыруға мәжбүр болды. Шын мәнінде, шахмат интеллектуалды ойынға айналды, оны ойнау үшін адамның қай жерде жүргені маңызды емес, үйде де ойнауға болады. Сондай-ақ, «Патшайым жүрісі» телехикаясы үлкен танымалдыққа ие болды, ол да шахматты танымал етуде ықпал етті. Кейінгі кезде адамдар тек тән саулығына ғана емес, ойдың саулығына мән бере бастады. Сонымен қатар, шахмат – психикалық денсаулықты сақтаудың тамаша тәсілі», - деді Магнус Карлсен.

Сондай-ақ чемпион көптеген шахматшылардың кәсіби психологтардың қызметіне жүгінетінін тілге тиек етті. Бірақ өзі аталған мамандарға жүгініп көрмеген.

«Мен өзімнің не істеп жатқанымды, қарсыластарымның не істеп жатқанын және әр ойында менің жоғарыға көтерілуім мен құлдырауыма не себеп болатынын жақсы түсінемін. Әрине, мен жүгініп, кеңес алатын жақын адамдарым бар, бірақ ешқашан психологқа жүгінбеппін», - деп жауап берді спикер журналистердің сұрағына.

Баспасөз мәслихаты барысында ол жарыстарға қалай дайындалатынын айтып берді.

«Менде нақты анықталған стратегия жоқ. Мен шахмат туралы ойлауды ешқашан тоқтатқан емеспін. Бұл менімен өмір сүретін нәрсе. Мен қалай ойнаймын, кіммен ойнаймын деп ойлаймын. Не істеу керек және не істемеу керектігі туралы кәсіпқойлар бөлісетін жалпы кеңестер бар. Шахмат мені импровизацияға және ойлануға жетелейді», - деді Магнус Карлсен.

Әлемдік шахмат жұлдызы бұл турнирде үлкен тартысты ойын болатынын атап өтті.

Сондай-ақ ол алматылықтарға қонақжайлылығы үшін алғысын білдірді

«Менің иығыма қазақтың ұлттық шапанын жапты. Бұл «Қазақстанға қош келдіңіз» дегенді білдіреді»,- деді ол.

Айта кетейік, Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында шахматтың рапид және блиц түрінен әлем чемпионаты өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар