Мағауия Сарбасов: Шеттегі қазақтарды тарихи Отанына көшіру өзекті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгінгі күні шетелде 7-8 млн қазақ тұрады. Бұл туралы бүгін «Отандастар» қорының вице-президенті Мағауия Сарбасов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні шетелдегі қазақтардың жалпы саны әртүрлі мәліметтерге сәйкес 7-8 млн адамды құрайды. Бұл қазақ ұлтының шамамен 30 пайызы. Елімізде туу қарқынының бәсеңдеуі, миграциялық процестердің күшеюі байқалады. Осы ретте шеттегі қазақтарды тарихи және этникалық Отаны - Қазақстанға қоныс аударту бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр. Сонымен қатар шеттегі қазақтардың ана тілін үйренуі мен қолдану кеңістігінің тарылуы, дәстүріміз бен мәдениетімізді, этникалық бірегейлігімізді жоғалту және кейбір адамдардың пікірінше, 10-15 жылда толық ассимиляциялану қаупі-қатерін ескере отырып, қандастарды жан-жақты қолдау мәселесі қарауды талап етеді», - деді ол «Отандастар» қорының жанынан құрылған қоғамдық кеңестің бірінші отырысында.

Оның атап өтуінше, «Отандастар» қоры өз жұмысын жобалық кеңсе форматында, қандастарымыз үшін қызмет көрсететін бірыңғай оператор ретінде ұйымдастырады.

Біздің мақсатымыз - ұлттық бірегейлікті сақтау, қазақ диаспорасына қатысты мемлекеттік саясатты қалыптастыруға ықпал ету, бүкіл әлем қазақтарын тарихи және этникалық отаны қазақ елі төңірегіне біріктіру. «Отандастар» қорының барлық жобалары Елбасының Дүниежүзі қазақтарының 5-құрылтайында берген тапсырмаларының аясында әзірленген және әр бағыт бойынша жұмыс штабы құрылған», - деді Мағауия Сарбасов.

Отырыста қордың негізгі қызметі мен жобалары жан-жақты қаралды.

Соңғы жаңалықтар