+7 (701) 759 90 19
USD 377.09 EUR 407.37
RUB 5.93 CNY 53.95
Jańalyqtar

Мағауин мифі

2020 жылғы 29 қаңтар 19:30
Бөлісіңіз:
Мағауин мифі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуші ғалымы, Мемлекет сыйлығының лауреаты, халық жазушысы Мұхтар Мағауин таяуда 80 жасқа толады. Жазушының мерейтойы қарсаңында Egemen Qazaqstan газетінде Жүсіпбек Қорғасбектің «Мағауин мифі» атты мақаласы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бір неміс философы мифті оянар алдында көрген түске балаған екен. Тағы бір данышпан мифтің бізге керегі шындықпен қаншалықты сәйкес келуі емес, оның мазмұны деген сөз қалдырыпты. Сонымен бірге қоғамда «Ана миф шын ба, мына миф өтірік пе?» деген сұрақ үнемі алдымыздан шығып отырады. Демек белгілі бір шамада мифтің шындықпен шектесер тұстары да бар.

Қазақ қоғамында мифке айналған тұлғалар бәлкім Әлкей Марғұлан болар, мүмкін Бауыржан Момышұлы шығар. Олардан басқа да төңірегінде түрлі миф қалыптасқан біраз тұлғаларды атауға болады. Атақты «алпысыншы жылғылар» да оңай емес. Солардың дүмдісі Мұхтар Мағауин екенін айтсақ, ешкім таласа қоймас.

Барлығы «Мұхтар Мағауин жыраулар тарихын үш ғасыр арыға жылжытты» деген әңгімеден басталды. Жыраулар тарихы одан соң бес ғасырға, одан кейін арғы-бергісін қосқанда тіпті жеті ғасырға, одан да әрі есте жоқ ескі заманға қарай керуен тартты. Жарық дүниедегі, соның ішінде қазақ халқының өмірінде де ақиқат шындықтың бәрі мифтен басталатынына бұл да бір мысал.

Бірақ осы жыраулар тарихының бәрінің темірқазығы Мұхтар Мағауиннің 1968 жылы баспа жүзін көрген «Қобыз сарыны» атты кітабы болып қалды. Мойындағысы келмегендерге жазушының өзі кесімді сөзін айтқан: «Шалкиізді, Қазтуған, Доспамбетті, қазақ хандығы кезеңіндегі ұлы жыраулар поэзиясын мен аштым, енді менің атыммен әйгі болуы керек».

Мұхтар Мағауин туралы бірінші миф осылай туды. Ол біздің көз алдымызға хандар дәуіріндегі жыраулар ортасынан жарып шыққан жаршыдай елестейтін. Бұл мифті халық қалыптастырды ма, әлде Мағауиннің өзі қалыптастырды ма, мәселе онда емес. Қазіргі заманның Қособасы – сайт желілеріндегі аты-жөнін жасырған комментшілердің талқысына салып кеп жіберсеңіз, екі тарабын да қолдай кететіндер жетіп артылады.

Біздің әуелгі міндетіміз – осы бірінші мифтің басын ашу. Бірде жасы жетпістегі Серік Негимовтің архивтен жүрегі кеудесіне сыймай алқылдап келе жатқанын көрдім. «Бір керемет жаңалық таптым, бірақ парақтар бір-біріне жабысып қалыпты, осыған дейін бетін ешкім ашпаған екен», деді. Өзі етшең адам бой-бой боп терлеп, бет әлпеті көгістене дірілдеп, тапқан жаңалығын кімге айтарын білмей алабұртқан ғалым әлі бастықпаған жас жігіттен бетер!

Сырт көзге тосын әсер ететін бұл кепті алпыс алты, алпыс жетінші жылдары архив ақтарған жиырманың алтау-жетеуіндегі тапалтақ жігіттің басына көшіріп көріңізші. Көне жинақтан Шалкиіздің өлеңін тауып алғандағы Мағауиннің күйін ойша елестетіңіз енді – «Бір сәт менің демім бітіп қалғандай болды» дейді. Ал енді көптен іздеген «Қазтуған Сүйінішұлы» деген жазуға төтеннен тап келгенде басына түскен халді қараңыз – «Ескі беттердің бірінің бел ортасынан асқан кезде дір ете түстім» депті.

Ол осылай он екі жырауды жарыққа қайта шығарды. «Ұзақ заман, аумалы ғасырлар іріктеген он екі асқар тұлғаның бас-аяғын байыптадым». Мен де «Қобыз сарыны» мен «Алдаспаннан» санап шықтым, артық-кемі жоқ он екі екен: Қазтуған жырау Сүйінішұлы, Асан қайғы Сәбитұлы, Доспамбет жырау, Шалкиіз жырау Тіленшіұлы, Жиембет жырау Бортоғашұлы, Марғасқа жырау, Ақтамберді жырау Сарыұлы, Тәтіқара ақын, Үмбетей жырау Тілеуұлы, Бұқар жырау Қалқаманұлы, Көтеш ақын, Шал ақын Құлекеұлы. Мағауин осы аталған жыраулардың өлмес мұрасын қалың шаң басқан архивтен аршып алып, Қазақ хандығы дәуіріне өшпес рух дарытты.

Міне, содан бастап Мұхтар Мағауин деген есім-сой да дуалы ауыз бен уәлі сөз­дің нысанасына ілікті. Сол кезде ол бар-жоғы жиырма сегіз-ақ жаста болатын. Одан соң басқа ештеңе жазбаса да тарихта қалатынына еш күмән жоқ. Тіпті сол жасында өмірден өтіп кетсе, қазақ аспанынан ағып түскен тағы бір жұлдыз атанары бек мүмкін еді. Рухани орта онсыз да жоғары бағалаған сол еңбек, жазушының елу сегіз жасында «Мен» атты роман-хамсасы шыққаннан кейін біржола мифке айналды. Қалай?!.

«Қобыз сарынындағы» зар мен «Алдаспандағы» шерден аспан төңкеріледі.Бұл кітаптардың жарыққа шығу хикаясы да сол зар мен шерден бір кем емес. Біріншісі, бүкіл Әдебиет институты ескіше хат танымайды. Екіншісі, талқылауға қатысқан ғалымдарда бұл тақырыпқа деген түп атасы бимағлұм өшпенділік бар. Үшіншісі, кедейлердің өкіметіне шетінен ел бастаған, қол бастаған, алқалы жиында билік айтқан бай-шонжарлардан шыққан жыраулардың түкке де керегі жоқ. Төртіншісі, көне жырлардан саяси қате іздеген қырағы партия қайраткерлері де оңай-оспақ адамдар емес. Қала берді, екінің бірі: «Сен «Алдаспанды» шығарғансың!» – яғни, сенімсіз, күмәнді адамсың деп көзге шұқығысы келіп тұратын болды».

Бірінші миф – осы. Жалпы, кез келген жазушыға шығармасына тыйым салынса, одан асқан бақыт жоқ. Бірақ шығарма соған тати ма, татымай ма, оны уақыт көрсетеді. Кеңес заманында партиялық сынға ұшыраған, баспаханада беттері қырқылған, аман қалғандары жасырын түрде тараған кітаптардың арасында «Алдаспанның» аңызы ұзаққа кетті. Бұл кітап оның затын да кемел қылды, атын да даңққа кенелтті. Егер жыраулар тарихын үш ғасырға әрі жылжытпаса, Мұхтар Мағауин қандай тұлға болар еді?

Оған жазушының үлкен шығармашылық эмоция үстінде отырып өзі берген баға өте қатал. «Шалкиіз, Доспамбет, Қазтуған, одан соң Бұқар жыраулар болмаса, жұрт білген Мұхтар Мағауин деген жазушы да болмас еді, шамалы өрнегі, шектеулі өрісі, тапалтақ тұрғысы бар, жабайы жазарманның қатарын толтырар едік». Мұны оқығанда ол туралы бірінші миф сейіліп сала бергендей болады. Бірақ аңыз онымен біткен жоқ.

Себебі бәрі алдын ала ақылды баспен құрған жоспармен келе жатыр. Бұл жерде айтса нанғысыз, өмірде болмаса сенгісіз жағ­даяттар бар. Оның басындағыдай же­тістікке жоспарсыз жету еш мүмкін емес. Бертінде жарық көрген қазақ тарихы туралы кітап жазуды жиырма жасында ішке түйіп қойғаны да бір қызық дерек. Жиырма бес жасында аспирантура бітіретіні, жиырма сегіз жасында «Қобыз сарыны» монографиясымен ғұламалыққа қадам басатыны, отыз жасында ғылымды талақ етіп тастап кететіні, бәрі де алдын ала жасалған жоспарда түзілген.

Маған сенбесеңіз, «Менді» оқыңыз. Өзінің жазуынша «Шын фанатик ұлтшыл, ұлы ұстаз Бейсембай Кенжебаевтан» тапсырма алып тұрып, оның иығынан аса қарауға қандай шәкірттің дәті барады. Ол және жазушының кәмелеттік жастан жаңа асқан студенттік шағы көрінеді. «Университетті бітірген соң, аспирантураға алып қалам, қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиетті зерттейсің, дайындала бер», – депті ұлы ұстаз. Одан кейінгі: «Мен дайындалдым, болашақ ғылыми жұмыстарға ғана емес, үлкен жазушылыққа», – деген сөйлемге леп белгісін қойғыңыз келіп, қолыңыз жүгіріп-ақ кетеді.

Жазушының өмірінде мұндай жоспар­дың болғаны «Мен» ғұмырнамалық роман-хамсасында тайға таңба басқандай анық жазылған. Тіпті оның жоспарына «Жігіт ағасы жасына жетпей үзіліп кететін шығармын» деген ой да кедергі бола алмаған. «Ол кезде мен жиырма сегіз, жиырма тоғыз жастан аспаймын деуші едім» дейді өзі. Оның ойындағы бұл жас «Қобыз сарынының» жарық көруімен сәйкес келеді. Жоғарыда «сол жасында өліп кетсе, қазақ аспанынан ағып түскен бір жұлдыз атанар еді» дегеніміз – содан.

Бірақ оның алға қойған жаңа өріс – «жазушылық еңбек тұрғысында соншама зор – қырық жылдық нақты жоспары» да болған. «Аласапыран» романы сол жоспардың ішінде, аспирант кезінде-ақ ойластырылғаны неге тұрады. Басқасы басқа, қолына қалам ұстаған ақын-жазушылардың арасынан тағдырыма не жазыпты екен, қанша жыл өмір сүреді екем деп, алақанына кім шұқшиып қарапты дейсіз. «Менің алақанымдағы өмір сызығы тым қысқа, бас бармақтың бұлшығына қарай қысқа тартып, келтесінен үзіледі екен», – дейді Мұхтар Мағауин. Соған сенгені сонша, «Қазір ойлаймын, мүмкін маған әуелде берілген жас – сол, өзім шамалаған жиырма сегіз-жиырма тоғыз шығар», – дейді тағы да.

Енді мынаған қараңыз. Ол өз жоспары бойынша әлі елу жыл ғұмыр кешуге тиіс, алдағы қиын істер мен ауыр күрестерде жеңілмес үшін, денсаулығы да мықты болмаса болмайды.

Ол үшін не істеу керек? Қазақтың жастары кеше де, бүгін де ескере бермейтін, әркімге сабақ болатын сөз осы арада айтылады. Университеттің төртінші курсында оқитын жиырма бір жастағы студент асқазанын бір қабындырып алғаннан кейін темірдей тәртіпке көшіпті: «Сұлтанмахмұттың, Шоқанның, тағы басқа да ұлы дарындардың келте тағдыры көпке мәлім – өзімді өзім қатты күтетін болдым. Асты мезгілімен, дәмдеп, талғап, нәрлі, қымбатынан ішетін болдым. Таңертең аш қарынға, кешке төсекке жатарда екі-үш қасықтан таза бал жеймін. Қанша тығыз жүрсем де сегіз-тоғыз сағаттан ұйықтаймын»...

Осыдан кейін мен бұл кісі жасы ұлғайған шағында шетелде тұруды да бұрыннан-ақ жоспарлап қойған екен-ау деген ойға келдім. Ол отызға жетпей өлермін деп Сұлтанмахмұтқа бір ұқсағысы келсе, киім киісі мен жүріс-тұрысы жағынан өмірін Еуропада өткізген Мұстафа Шоқайға екі ұқсағысы келген тәрізді. Адамның ішкі жан дүниесі сыртқы болмысынан көрініс табатыны рас болса, бұған имандай сене беруіңізге болады.

Ол ішкі жан дүниесімен де, сыртқы кескін-келбетімен де үлкен әкесін істі, өз әкесін сотты қылған кеңес адамына еш ұқсағысы келген жоқ. Оның осы болмысы «Қазақ хандығы дәуіріндегі жыраулар тарихын үш ғасырға жылжытты», «бес ғасырды жырлатты» деген тақырыптармен таңбаланған бірінші мифпен үйлесе кетіп тұр.

Жазушы жан тереңіндегі бұл сырды постмодернистік тәсілмен: «Әулетімізде үш адам атылған, әлденеше азамат жалаға кеткен, қаншама жан мешін жылғы аштықта құрбан шәйіт, соның бәрі ес білгеннен ойымда, көз ашқаннан көкірегімде тұрған, менен шерлі, менен зарлы, менен қайғылы кім болды екен», деп береді. Өз қайғысын ұлт қайғысы, ұлт қайғысын өз қайғысы етіп шендестіре көрсетеді. Қара сөзбен жазған сөйлемінің соңы өзі жатқа соғатын жорық жырларының қайырымына ұқсай кеткені де тегін емес.

Әдетте бірінші мифті адам өзі жасайды. Екінші, үшінші, одан соңғы мифтің бәрі халықтікі. Сол халықтың ойынша оның көркем шығармалары да әлдеқандай бір қарсылыққа ұшырауға тиіс секілді. Жиырма төрт жасында жазған «Кешқұрым» атты алғашқы әңгімесі «Жұлдыз» журналына өтпей-өтпей зорға өтіп, кейін бүкілодақтық «Огонек» журналынан сыйлық алып қана жұлдызы жаныпты. Бірақ басқа әңгіме, повесть, романдары үлкен сынға ұшырағанын көргеміз де, естігеміз де жоқ. Алайда, жазушының өзі алғаш төрт-бес көркем кітап шығарғанын, соның бір де біреуіне рецензия жарияланбағанын айтады. «Архив хикаясы» атты шығармасының орыс тілінде шыққан қазақ жазушыларының таңдаулы әңгімелерінің жинағына қараулықпен кіргізілмей қалғанын жазады.

Бір ғана «Архив хикаясы» әңгімесіне жеке тоқталсақ, оның да ізінен кішігірім аңыз ерген туынды болғанына өзіміз де куәміз. Архивке басымен жұтылып кеткен ғалымдардың арасында «архив ауруы» деген түсінік бар. Мағауиннің өзінің де архивте өткізген жылдары соған келеді. Тапқан жаңалығын біреу біліп қоя ма деп күдіктену, қай жерде қандай қолжазба бар екенін ешкімге айтпау, қанша ішін жарып бара жатса да мерзімі жетпей еш жерде жарияламау жайында айтқан ойларының аңысы да сол. Бұл басқаның емес, Мұхтар Мағауиннің төл тақырыбы деп еріксіз ен саласыз.

Архивтен «Мағжанның жекелеген өлеңдерін оқымай тұра алмайтын шақтары», «Жасыл шабдар түсті мұқабамен түптелген, жүз жылдық ескіліктің сүйкімді иісі аңқып тұрған әдепкі кесімді ғажайып кітаппен» қауышқан кездері, Республикалық кітапхананың көне де сирек, кейбірін ашып көруге де тыйым салынған кітап қоймасына жасырын жол тауып түскен сәттері, бәрі-бәрі де қиял-ғажайып ер­тегіге бергісіз оқиғалар. Бұл – әңгіме сюжеті емес, Мағауиннің өз басынан өткен жайттар.

Дихан ақсақалмен арадағы әңгімесі тіптен ғажап. Ол кісі «Соғыстан бұрын Бұқар жырау туралы зерттеу еңбек жазып, қолжазбасын архивке тапсырған сияқты едім, соны таба алмай жүргенім», – дейді. Сонда Мұқаң: «Көлемі сексен бет, латынша мәшіңке, нашарлау, сарғыш қағазға енсіз басылған, үстінен көк сиямен жүргізілген түзетулері бар – солай ма?» – деп табан астында сарт еткізеді. «Қалай жазылғаны есімде жоқ», – дейді Дихан ақсақал мына таңғажайыпқа сенерін де, сенбесін де білмей. Себебі арада қырық жыл өтіп кетіпті, ал Мұқаңның ол қолжазбаны көргеніне жиырма үш жыл болыпты. Ал керек болса!

«Архив хикаясы» әңгімесі автордың өз басынан өткен осы оқиғаларға ұқсас, тіпті рухтас десе де дәлел жетерлік. Кейіпкерлердің арасындағы психологиялық күрес жағынан Ғабит Мүсіреповтің әйгілі «Этнографиялық әңгімесін» еске салады. Мұхтар Мағауиннің өзі де бұл шығармасын классикалық әңгіме деп есептейді. Мұндай шығармалар кезеңдік бір көріністерді беретін хрестоматиялық туындылар қатарына жатады. Оқырман есінде жүретін белгілі дүниелердің ішінде де бұл екі әңгіменің шоқтығы мүлдем бөлек. «Архив хикаясының» сюжетін әңгімелеп беру қажет емес, оны тұшынып оқу керек.

Мұхтар Мағауин туралы жұрт ойлап тапқан үшінші миф – «оның жауы көп» деген әңгіме. Кейінгі жазған мейірімге толы естеліктерін оқып отырып қайран қалдым. Әсіресе Мұқағали Мақатаев туралы эссесі жүрегімді қозғап жібергендей болды. Екеуінің арасындағы адами қарым-қатынасты соншалықты жылы сезіммен жазған. Оны жақын білмейтін адам мына кісі өзіне өзі ұқсамайды ғой деуі де мүмкін. Маған Мағауин шындығында өзі айта беретін «бәлшебектікке» қаны қатып қалған, содан да оны-мұныға дәті берік, бірақ ар жағы ел жайлауға көшкендей сән-салтанаты жарасқан, берекесі мен мерекесі тең қатар адам секілді елестейді.

Бір жолы қалың көпшіліктің арасында кездесіп қалдым. Опера және балет театрының фойесінде, киім өткізетін жаққа қарай түсетін баспалдақтың алды. Қасында жеңгеміз бар, екеуі де сырт киіммен тұр. Мұндағылардың бәрі өзіміздің қаламдастар болса да, бейтаныс ортада таныс біреуді ұшыратқандай іштарта күлімсіреді. Ол кезде көрінген жерде суретке түсіре беруге болатын ұялы телефон атымен жоқ кез ғой деймін. Әйтеуір бір фотограф келе қалды да, жеңгеміз үшеуміз қатар тұрып суретке түстік. Сондағы фотосурет менде әлі бар, ол сынағанда бала демей, шаға демей, кімді болсын қосақ арасына қосып жіберетін ақар-шақар адамның бейнесі емес.

Ел не десе, о десін, бірақ бұл кісінің жүрегі бәрібір жұмсақ. Мұздай қатады, қар­дай ериді. Мұхтар Мағауинге қарағанда, Шерхан Мұртазаның қабағы қатулау қайта. Шерхан Мұртаза екеуін бір-бірімен сыйласпайды деп ойлайды. Біреулер соны пайдаланғысы келеді. «Оһ, шіркін, екеуі шайнаса кетсе, одан үлкен майдан болмайды» дейді. Шын мәнісінде қалай болды?

Мағауин өз естелігінде «Бір газет мен туралы жақсы мақала берді, ондай мақаланың бас редактор Шерхан Мұртазаның қолдауынсыз берілуі мүмкін емес еді» депті. Бұл аз десеңіз: «Қобыз сарыны» шықты. Мадақталып жатыр. «Қазақ әдебиетінде» Марғұлан сөйледі. Тағы бір басылымдарда Рахманқұл Бердібаев және басқа зиялы, білімдар азаматтар. Мен ренжіп жүрген «Лениншіл жас» (Бас редакторы – Шерхан Мұртазаев) бәрінен озып, «Жас ғалым ашқан жаңалық» деген тақырыппен, бұрын ешкімде болмаған жағдай – суретімді қоса басып, аяулы ағам Бүркіт Ысқақовтың жақсы мақаласын жарқыратып берді», – деген жазбасы және бар. Шерхан Мұртаза Мұхтар Мағауинді сыйламаса, сондай қадамға бара ма? Мұхтар Мағауин Шерхан Мұртазаны құрметтемесе, қырық жылдан кейін осындай естелікті жаза ма?

Мағауин туралы төртінші миф – шығармашылық бәсекеге бас тіккен жанкешті өмір, архивтен жиғаны мол білімдарлық, ойнамайтын-күлмейтін кірпияздық, бабы келіскен бекзаттық, бойына шаң жуытпайтын ақсүйектік. «Тура екі апта бойы жас қымыз іштім. Күніге он-он екі сағаттан ұйықтадым», – депті үлкен жұмысты бастар алдында. «Төңкеріске дейін жарық көрген бес жүз кітапты және содан бері жинақталған мың сегіз жүз қолжазбаны түгел адақтап шығам», – депті ғылымға атойлап ат қойған шағында. «Бәрібір маған жетпейді, бәрібір мен артық жазам деген сенім болды», – депті ғылымнан кетіп, жазушылыққа бет қойған кезінде.

«Біссімілла» демей іс бастамайтын мұсылман баласының салты салтанатына айналған мұндай қаламгер кемде-кем. Әр кітабын жазарда аламан бәйгеге түсетіндей баптанатының өзі жатқан бір хикая. Әр жолы қажылыққа жүретіндей қамданатын себебі, жазатын кітабы ермек үшін де, атақ үшін де емес. Егер солай болмаса, «Қобыз сарыны» мен «Алдаспанды» былай қойып, «Аласапырандай» асқақ рухты роман қайда, «Шақан Шерідей» ширыққан шығарманың да жөні басқа, «Шыңғыс хандай» төрт томдық ғибратты кітап жазылар-жазылмасы да неғайбыл еді. Демек, жоғарыда атап өтілген төртінші миф те тақыр жерден пайда болған жоқ, ол Мағауиннің ұлт үшін жасар еңбегінің өзіндік һәм өмірлік ритуалынан туған десек, қателесе қоймаспыз.

Ол осындай жанкешті еңбегімен біздің қоғамдағы жазушының орнын нақ та нық белгілеп берді.

Бесінші миф – «оған не айтсаң да жақпайсың». Соны білген қаламдастары оны мақтауға да қорқады. Мен де осы жайында ойландым. Бекежан Тілегенов туралы жылы пікіріне таңқалдым. Мағауиннен басқа біреуден Бекежан Тілегенов деген үлкен жазушы бар де­генді естіген емеспін. Сөйтсем Бекежан Тілегенов «Тұйық өмірдің құпиясы» деген кітабында өзі Орталық комитетте қызмет істеп жүргенде Мұхтар Мағауинге қарсы жасалған біраз қиянатты алақанға салыпты да беріпті. «Алдаспан» жинағындағы «панисламистік, ұлтшылдық, кертартпалық» идеяларды қалай әшкерелегендерін өздері емес, басқа біреулер істегендей тәптіштеп тұрып жазыпты. Жазушылар одағының жиынында жап-жас күнімде өз құлағыммен естігенді, енді көзіммен көріп таңырқамасқа амалым да қалмай отыр.

Айтайын дегенім, Мағауинге мақтау жақпайды емес, шындықты айтпаған жақпайды. Ол өмірге, қоғамға, айналасына өте сергек қарайды, бар болғаны сол. Алдынан «Өзінің деңгейінде мақтай алмадым» деп маңдайлары тасқа тиіп шыққандар, сөздерін «Мұқаңның деңгейінде шындықты айта алмадым» деп түзетсе бек жақсы болар еді. Әйтпесе «Мұқаңа қалай мақтасаң да жақпайсың» деген сөздің бекер екенін мен де білем, сұраған адам болса бәлкім оңашада айтып та берермін.

Ал алтыншы миф Мұхтар Мағауиннің атында, яғни есім-сойында болып тұр. «Атың үлкен екен» депті Ғабит Мүсірепов алғаш танысқан кездерінде. Мың сыр­лы терең адам Мұхтар Әуезовті ғана емес, Абайдың ұлы Мағауияны да, сол арқылы Абай топырағын да меңзесе керек. Шындығында да Мағауия деген есімнің бір тылсым сиқыры бардай көрінеді. Әуелгіде ол өмірден ерте кеткен боздақ сияқты елестеуші еді, кейін өмірбаянымен жақын таныса келе біраз сырға біз де қанықтық. Адамның өмірінде оның азан шақырып қойған есімінің де ықпалы аз болмайды деген жалпы рас сөз. Біздің кейіпкеріміздің де аталары көзі ашық, көкірегі ояу, көңілі сара адамдар болғаны да көп жайдан хабар берсе керек.

Ал бұдан, Мұхтар Мағауиннің есім-сойынан не миф көріп отырсың деуіңіз мүмкін ғой. Оны айтқан себебім, қаламгер өзі «Бір атаның аруағын арқалаған жалғызбын» дейді. Өзінің басындағы жалқы тағдырды барша қазақтың басына теліп айтады. Шынында да қазақтың асыл сүйегін ақ пен қызылдың қырғынынан, іле-шала болған екі бірдей ашаршылықтан, одан кейінгі сталиндік қуғын-сүр­гіннен аман қалған жалғыздар жалғастырды емес пе. Соның бірі бүкіл сыйлықтарын атап айтпай-ақ та қоюға болатын Мұхтар Мағауин бүгінде сонау Америкада тұрып жатып жасы сексенге толып отыр.

Қазақтың қасиетті саны жетінші миф осыдан шықты. Біреулер «өкпелеп кетті», енді біреулер «балаларын сағалап кетті» дейді. Содан «ойбай, анау екен», «ойбай, мынау екен» деген тағы бір миф қалыптасты. Оның бәрін бірдей жоққа шығара да беруге болмайды. Бірақ тап осы сұраққа Мұхтар Мағауиннің өзі әлдеқашан жауап беріп қойған сияқты. «Диссидент емеспіз – бұдан соңғы дүниеден де үміт бар», – деген екен жазушы кеңес заманындағы қуғын-сүргінге қатысты айтылған бір сөзінде. Біздің де ішіміз қимайтын бір сөздің түйіні осында жатқанын несіне жасырамыз.

Міне, сөйтіп бір заманда жиырма жеті, жиырма сегіз жастан аспайтын шығармын деген қаламгер сексенге үлкен шығармашылық құлшыныспен қадам басты. «Мимен көп жұмыс істеген адам ұзақ жасайды» деген менің өзімнің пәлсапам бар еді. Мұхтар ағамызды отыздың өткелегінен аман өткізген бес ғасырлық жыраулар тарихы болса, бүгінде сексенге жеткізген төрт томдық «Шыңғыс хан» атты тарихи романы болуы да бек мүмкін-ау.

Өзі қалыптастырса да, өзгелер қалыптастырса да, көзі тірісінде мифке айналу кімнің қолынан келер дейсіз. Кейде шындық ұмытылса да, миф ұмытылмайды. Мұхтар Мағауин белгілі бір дәрежеде мифке айналған тұлға, ол жазған атышулы «Мен» де – миф. Біздің орта сол мифке енді қанша ерерін бір Алла ғана біледі.

Авторы Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Әдебиет,
Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT