МАГАТЭ-нің экс-басшысы Елбасыға: Ядролық қарусыздану саласында жетекші рөліңізді дәлелдедіңіз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев МАГАТЭ-нің бұрынғы Бас директоры, Нобель сыйлығының лауреаты Мохаммед Эль-Барадеймен және Жаһандық қауіпсіздік институтының президенті Джонатан Граноффпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Тұңғыш Президентінің ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев «Астана клубының» отырысына қатысқаны үшін Мохаммед Эль-Барадей мен Джонатан Граноффқа алғыс білдірді.

«Мохаммед Эль-Барадей МАГАТЭ-ны ядролық қаруды таратпауға жауапты негізгі органға айналдырды. Біз Сізбен бірге Қазақстанда төмен байытылған уран банкін құруды бастадық. Бұл өте маңызды оқиға болды. Біздің елімізге аз байытылған уранның алғашқы партиясы келді», - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Сондай-ақ, Елбасы Жаһандық қауіпсіздік институтының ядролық қаруды таратпаудағы маңызды рөлін атап өтті.

«Қазақстанның ядролық қарусыздану мәселесіндегі рөлін жақсы білесіздер. Біз ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған барлық мәселелерге белсенді қатысып жүрміз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде МАГАТЭ-нің бұрынғы Бас директоры Қазақстан ядролық қарусыз әлем құру идеясын қолдайтындығын іс жүзінде дәлелдегенін айтты.

«Сіз ядролық қарусыздану саласындағы жетекші рөліңізді дәлелдедіңіз. Қазақстан өз сөзін нақты іс-әрекеттермен растады, ядролық әлеуеттен бас тартты, Семей полигонын жапты. Енді Сіздің күш-жігеріңізді ғаламдық және жергілікті деңгейдегі сұрақтарға бағыттау мүмкіндігі маңызды болып отыр», - деді Мохаммед Эль-Барадей.

Өз кезегінде, Ғаламдық қауіпсіздік институтының президенті Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жаппай қырып-жою қаруын таратуға қарсы іс-қимылын жоғары бағалады.

Соңғы жаңалықтар