Маған АӘК қажет емес - Атыраулық жеті баланың анасы

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда «Көрпе Fest» мега фестивалі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шара қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдарын жасайтын танымал этникалық дизайнер, «Құрмет» орденінің иегері Ырза Тұрсынзаданың бастамасымен өткізілді. Оқу курстарына облыстың 150-ге жуық тұрғыны қатысты.

Айта кетейік, Атырауда мұндай мега фестиваль алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Фестивальдің басты мақсаты - ұлттық өнерді насихаттау, қазақ қолөнерінің бәсекеге қабілетті екендігін әлемге көрсету.

Атырауда Ырза Тұрсынзада жоба аясында көп балалы, аз қамтылған отбасыларға, жұмыссыз әйелдерге арналған дәстүрлі қолөнер бойынша үш күндік тегін шеберлік сабақтарын өткізді. Байқау қорытындысы бойынша, Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен 25 үздік қатысушыға тігін машиналары табыс етілді.

«Бүгін біз 7-8 баланың аналары халық қолөнерінің арқасында өз отбасын еңбегімен асырап отырғанына куә болып тұрмыз, олардың көпшілігі атаулы әлеуметтік көмекті қажет етпейді. Қолөнер курстарын оқыған әйелдер жеке кәсіптерін ашады, ол бірте-бірте отбасылық бизнеске айналады. Бұл керемет қой. Біріншіден, олар ұлттық дәстүрлерді сақтайды және оларды ұрпақтарға жеткізеді, екіншіден, күйеуінің отбасын асырауына көмектеседі, бұл өте үлкен жұмыс. Осы оқу курстарын ұйымдастыруға көмектескен аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевқа алғыс айтамын», - деді Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев.

Фестиваль аясында ұлттық өнерді қолдайтын кәсіпкер әйелдерді марапаттау рәсімі де өтті. Мейлінше танылған қатысушылар естелік сыйлықтар алды.

«Мен жеті баланың анасымын, былтыр Ырза Тұрсынзаданың курсын бітіріп, тапсырысқа құрақ көрпе тігуді бастадым. Бүгін менің бастамам отбасылық бизнеске айналды. Келінімдеріммен бірге шағын шеберхана аштым. Маған АӘК қажет емес, өзім ақша табамын әрі оны мақтан етемін», - деді Исатай облысының тұрғыны Жанар Қадырова вице-премьерге.

Айта кету керек, «Көрпе Fest» мега фестивалінің тұсаукесері Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен болатын. Енді мұндай фестивальдерді бүкіл елде өткізу жоспарлануда.

Бұған дейін Атырауда болған ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев облыстық перинаталдық орталыққа барып, медициналық мекеменің ұжымымен кездескенін хабарлаған едік. Бердібек Сапарбаев сонымен қатар Атырауда міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бойынша кеңес өткізді.

Соңғы жаңалықтар