Мәдина Думанқызы «Қытай дауысы» музыкалық жобасында Димаштың әнін орындады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қытайдағы танымалы өнер бәсекесінің бірі саналатын «Қытай дауысы» (Sing! China) музыкалық жобасына қатысып жатқан қандасымыз Мәдина Думанқызы Димаштың «Ұмытылмас күн» әнін орындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған жобаның 8 қазан күні өткен 8-ші айналымында Мәдина Думанқызы Димаш Құдайбергеннің «Ұмытылмас күн» әнін қазақ және қытай тілдерінде орындап, көрермендердің ерекше ықыласына бөленген. Сондай-ақ, осы елде тұратын тағы бір қандасымыз Мейрамбек Ақсайұлы әнге қобыз бен сыбызғы үнін қосып сүйемелдеген.

Мадина Думанқызы қытайдың weibo әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында осы «Қытай дауысы» жобасында Димаштың әнін орындап шыққаннан кейінгі әсерімен бөліскен.

«Маған «Қытай дауысы» жобасында Димаш ағамыздың әнін орындауға мүмкіндік бергені үшін Ли Цзян мырзаға рахмет айтамын! Бұл ән маған ерекше ұнайды! Байқаудың осы кезеңінде маусымдық ауа райының өзгерісіне байланысты тамағымды сәл қарлықтырып, ауыртып алдым. Сондықтан өзім ойлағандай деңгейде әнді жеткізе алмаған секілдімін. Десе де нәтижесі қандай болмасын, өз ұлтымның әнін осы сахнаға алып шыққаныма өте қуаныштымын. Өз халқыңның болмысын, биік өнерін ән арқылы басқаларға түсіндіріп, жеткізу мағыналы іс және бақытты сезімге бөлейді!», - деп әнші әсерлі жазба қалдырған.


Еске сала кетейік, аталған жоба Қытайдың «Чжэзяң» телеарнасында көрсетіліп жатыр. ҚазАқпаратта Мәдина Думанқызының осы Қытайдағы таланттар шоуы атанған телевизиялық жобаның алғашқы кезеңінде «Қарыздар емеспін» атты әнді орындап, тәлімгерлер мен көрермендердің жоғары бағасына ие болғаны туралы жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар