Мәдина Әбілқасымова биыл 700 мың адамды жұмысқа орналастырмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы 700 мың қазақстандық жұмысқа орналасатын болады. Бұл туралы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында депутаттардың сауалына жауап берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2017 жылдың соңында еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрады. Атап өту керек, бұл көрсеткіш 7 жылдың ішінде 11 пайызға төмендеді. Бірақ, жұмыссыздық деңгейін қарастырғанда еңбек нарығында болып жатқан  үрдістерді де ескергеніміз жөн. Жалпы алғанда еңбек нарығында жыл сайын 2,2 миллионнан астам адам айналымда болады. Яғни, біреулері жұмысын ауыстырса, енді бірі зейнетке шығып жатады. Тағы бірі алғаш рет еңбек нарығына қосылады», - деді министр.

Оның дерегінше, соңғы жылдары жыл сайын 300 мыңнан астам жас еңбек нарығына қосылады. Ал 2021 жылға қарай олардың саны 1,3 миллионға жетпек.

«Сол себептен мемлекеттік бағдарламалар аясында көптеген шаралар жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталып отыр.  Олардың ішінде ең бастысы «Нәтижелі жұмыспен қамту» және «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары. Аталған бағдарламалар аясында былтыр 572 мың адам жұмысқа орналасып, білімдерін жетілдіру шараларына тартылды. Оның ішінде тұрақты еңбекке 318 мың адам орналастырылды. Осы жылы біз бұл көрсеткішті екі есе  арттырамыз. Біздің мақсат - биыл  700 мың адамды жұмысқа орналастырып, білімді жетілдіру шараларымен қамтамасыз ету. Осы шаралар жұмыссыздық деңгейін бірқалыпты ұстап тұруға септігін тигізеді деп сенеміз», - деді Мәдина Әбілқасыова.

 

Соңғы жаңалықтар