Мәдіғали Қарсыбеков: Шорт-трекшілеріміздің медальға таласуға мүмкіндігі жетеді

None
None
ПХЕНЧХАН. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін Олимпиада ойындарына қатысатын шорт-трекшілердің бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков өз шәкірттеріне сенімді екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

- Мадығали Абдығалиұлы, өзіңіз баптап жатқан шәкірттеріңіз туралы айтып берсеңіз. Олимпиадада қандай көрсеткіштерге қол жеткізуді жоспарлап отырсыздар?

- Менің шәкірттерім жарысқа толықтай дайын. Біз көп еңбектендік. Енді жемісін көруге санаулы уақыттар қалды. Олимпиадада біздің шорт-трекшілеріміздің медаль үшін таласуға толық мүмкіндігі бар. Әр спортшының арманы - Олимпиада жүлдесі. Бізде Пхенчханға сол арманмен келдік. Арманымыз орындалса, қазақ елі  үшін үлкен той болар еді.

- Қазір сіздер Олимпиада ойындары өтетін мұз сарайында жаттығып жатыр екенсіздер. Мұз айдыны көңілдеріңізден шықты ма?

- Мұз айдыны өте керемет жасалған. Бізге ұнады. Өзге мұз сарайларында көп жағдайда спортшылар сырғанап келіп, бұрылыстарға келгенде сүрініп, белгіленген сызықтардан шығып кетіп жатады. Ал мына Кореядағы мұз алаңында ондай олқылықтар болмайтын тәрізді. Спортшыларымыз өте ыңғайлы деп жатыр.

- Өзіңіз кімдерге сенім артып отырсыз? Шорт-трекшілеріміз медаль үшін таласуға қаншалықты қауқарлы?

- Шорт-тректе анау-мынау медаль алады деп айту өте қиын. Кімнің бағы жанып тұр, сол медаль алады. Сочиде медальға сынық сүйем жетпей қалған болатынбыз. Бұл жолы сол олқылықтың орнын толтыруға тырысамыз.

- Шорт-трекшілеріміз үшін басты жарыс эстафета екені анық. Бұл сында кімдер сайысқа түседі?

- Ерлер құрамасында эстафетада Абзал Ажғалиев, Денис Никиша және Нұрберген Жұмағазиев өнер көрсететін болады. Бұл спортшылар қазіргі таңдағы Қазақстан шорт-трекшілерінің ішіндегі ең үздіктері. Ал қыздар арасында Әлия Ким мен Анастасия Крестова сынды спортшыларымыз бар. Соларға үлкен үміт артып отырмыз.

- Әңгімеңізге рахмет! сәттілік жолдас болсын...

Соңғы жаңалықтар