Мәди Айымбетов: Болашаққа ел сенімі сергек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Халықтың рухани жан-дүниесі әдебиет саласымен де астасып жатады. Әдебиетшілер де өз кезегінде қоғамның басынан кешіп жатқан күйіне, елдегі жаңалықтарға да ең бірінші кезекте елеңдеп, алғашқы болып үн қататыны белгілі. Осы ретте белгілі жазушы Мәди Айымбетовты аз-кем сөзге тартқан едік.

- Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының ел мәдениетіне тигізер ықпалы туралы не дер едіңіз?

- Елбасының халық назарына ұсынған бұл айтулы мақаласы өзінің ой-түйіндік, бағдарлық салмағы жағынан ұлттық рухани өміріміздегі ауқымды да аса тұжырымды жоба болғанын білеміз. Болашаққа немен барамыз, тәуелсіз, орнықты дамудың жаңа бағыттарына қарай бара жатқан еліміздің әлеуетін бекемдеуші ұлттық санамыздың деңгейін айқындайтын ұстанымдарды нақтылаған бұл еңбектің құндылығы зор. Ұлттық идеологияның бүгінгі таңдағы басым алғышарттарын да осыдан табуға болады. Cоның бірі - ежелгі бай салт-дәстүрімізде негізі салынған мәдениетіміздің жаңа мыңжылдықтағы сыр-сипаты қандай болуы керек деген мәселе. Бұл арада білім мен ғылымның, әдебиеті пен өнердің әлемдік деңгейде өріс алуы, танылуының ерекше маңыздылығына алдымен ден қойылған.

Мәдениеті мен өнері заманауи өркениеттік сипатта танылған ел ғана Елбасы айтып отырған біртұтас ұлттық бірегейлікке қол жеткізе алатындығы сөзсіз ақиқат. Осы тұрғыдан алғанда рухани жаңғырудың басты нысанасы айқын. Осы айқындықтан адаспауымыз қажет. Жасыратыны жоқ, мәдени шаруамызда, ұлттық салт-дәстүрімізді сақтаудағы кейбір өрелі бастамалардың науқаншылдық сипат алып жататыны да бар, соған абай болған абзал. Айталық, жыл сайын аталып өтетін Наурыз мерекесінде ғана қазақ екеніміз есіме түсіп өзімізге тән, өнегесі, тәрбиелік мәні зор ұлттық байырғы салт-дәстүріміздің имитациясын жасаудан аспайтынымыз рас. Ұлттық өнердің, оның ішінде, тұрмыстық қолөнерінің заманауи тұрғыдан танылуы да әлі жалпылай, халықтық сипатқа лайық емес. Димаш Құдайбереген сияқты бірін-сараны болмаса, ел арасында танылып жүрген, таныла бастаған, өнердің әр саласындағы жас таланттарды іріктеп, таныту жағы да мемлекеттік тұрғыдан әлі жеткіліксіз, жүйелі жолға қойылмаған іс. Мұны да мәдениет пен өнер саласындағы рухани жаңғыруды бүгініміз бен болашағымыз үшін жолға қоюдың, басты талабы болуға тиіс дер едім.

Рухани жаңғыру кезеңі бірер жылдық уақыт көлемінде қалмайды. Мәңгілік ел болуға бағыт түзеген мемлекетіміздің әрдайымдағы басты ұстанымы болып қалады деген сенімдемін.

- Тұңғыш Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған тұжырымдамалық пайымдардың бүгінгі таңдағы ұлт әдебиетіне дарытар рөлі қандай?

- Мұның да жауабы рухани сипаттағы өзгерістермен тығыз сабақтас қой. Ұлы даланың жеті қыры дегеніміз ежелгі қыпшақ елінің тарихи мұрагері - Қазақ жерінің тарихымен, салтымен, дәстүрімен мәдениетімен, кәсіби ерекшелігімен, жерасты, жер үсті табиғи байлығымен, тарихи жадымен байланысты танымдық тұжырымдасы. Бір замандарда, мыңжылдықтардың арғы, бергі сонау тұстарында жаһандық дамудың сан-салалы бастауы жасалған елдің түркілік қазіргі ұрпағы екенімізді ойға ала отырып, әлем өркениетінің алдындағы орнымызды айқындап алу жөнінде тереңнен қозғалған сарабдал ойдың басты құндылығы - ұлтық тарихи санамызды жаңғыртуда жатқаны мәлім. Жалпы өнерімізге, оның басты бір саласы сөз өнерінің - қазіргі, тәуелсіздік тұсындағы қазақ әдебиетінің тақырып аясын тарихи тұрғыдан әлі де тереңдете түсуге ұлы дала жеті қырының ой салар жәйттары аз емес, мәселе соны талантты шығармаларымен игере білуінде. Жазушының жіті танымы мен білім-білігімен, парасатты зердесімен, ең бастысы суреткерлік шеберлігімен үйлесетін туындылардың жазыла бастайтын кезі туды. Мұндай тақырыптарға баруға талантты жас қаламгерлерді тарту, керек десеңіз, әлеуметтік тапсырыс беру мен жоғары деңгейдегі ынталандыру шараларын жасау қажеттілігін мемлекеттік билік пен шығармашылық одақтың шындап қолға алатын уақыт жетті. Марапат пен сыйлық алу жарысына түсудің жөн-жобасыздығын арылып, әдебиеттің, жалпы өнерді дамытудың жүйелі, өркениетті шаруаларын жасаудың тағдырлы мезеттерін өткізіп алмағанда ғана өнер де, әдебиет өз мұратына жетеді. Рухани жаңғыру да, рухани әлеміміздің жеті қыры да осы қағидатты үндейді.

Еліміздегі кезектен тыс Президент сайлауын, біздің қоғамымыз, әлем жұртшылығы Қазақстан демократиясындағы жаңа саяси бағыттың басталуы деп бағалауда. Әдебиетімізде өзіндік орныңыз бар танымал жазушы ретінде Сіздің көзқарасыңыз?

- Биылғы наурыз, сәуір айлары еліміздің өміріндегі айтулы саяси оқиғаларымен қоғамды дүр сілкіндірді десек, артық айтқандық болмас. Дамудың зайырлы, құқықтық-демократиялық жолын таңдаған елде мұндай оқиғалардың болуы табиғи, заңды нәрсе. Билік сабақтастығының бейбіт жолмен шешілуі - халқымыздың бүгіні үшін де, болашағы үшін де өте қажетті әрі дер кезінде, конституиялық негізде жүзеге асты. Елдің аяғынан тұрып кетуі үшін атқарылған еңбек мемлекет үшін де, халық үшін де оңай болған жоқ. Әлемдік ауқымды қамтыған дағдарыс жылдарындағы қиындықтарға мойымай қарсы тұра білу, дамудың өркениетті, демократиялық жолына түсуге деген ұмтылыс өзінің жемісін берді. Тұңғыш Президент- Елбасы Н. Назарбаевтың өз халқымен бірге таңдаған айқын жолының мақсаты орындалды, елдің іргетасы беки түсті. Елдің ендігі жаңа билігіне осы елдікті сақтап, дамудың жаңа жоғары деңгейіне жетуге, болашаққа бүгінгіден зор сеніммен қарауға мүмкіндік беретін таңдау жолы тұр. Бұл таңдау - конституциялық негізде өткізілетін 9 - маусымдағы сайлау. Ел билігін халық көңілінен шығып, мемлекетіміздің демократиялық жолмен дамуының келелі бағытын белгілеудің өткенімен сабақтас атқарылатын жаңа кезеңі туды. Болашақ бағдары - рухани жаңғыру биігіне бастайтыны айқын. Айқын да өркениетті өмір сүрудің басты шарты - елдің ұлттық бірегейлігін сақтай отырып алға басу. Мемлекет басшысын сайлауға әркім осындай сезіммен, осында сеніммен барады деп ойлаймын. Бұл солай болуы да тиіс.

Фото: adebiportal.kz

Соңғы жаңалықтар