Мәдениет саласында жасалған жақсы іс мәңгілікке қалады - Асқар Тұрғанбаев

None
None
АНКАРА. 16 ақпан. ҚазАқпарат /Ирина Дынникова/ - ТҮРКІСОЙ халықаралық ұйымы мәдениет, өнер, ғылым салаларына әрқашан ерекше ықыласпен көңіл бөлуде. Бұл өз кезегінде халықаралық деңгейде мәдени қарым-қатынастардың нығаюына зор үлесін қосуда. Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының (ТҮРКІСОЙ) аясында Астана қаласы 2012 жылғы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» деп жарияланған болатын.

Осыған орай ТҮРКІСОЙ-дағы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Асқар Тұрғанбаевты  ҚазАқпарат үшін арнайы сұхбатқа тартқан едік.

- ТҮРКІСОЙ ұйымы «2012 жыл - Астана - түркі әлемінің мәдени астанасы» атты жоба аясында қандай шаралар ұйымдастыруды жоспарлауда?

- Халықаралық ұйымдардың белгілі бір қаланы мәдени астана етіп жариялау дәстүрі әлемдік тәжірибеде қалыптасқан дәстүр. Мәселен, 2009 жылы Баку қаласы - ислам әлемінің мәдени астанасы, 2010 жылы Ыстамбұл - Европаның мәдени астанасы болып жарияланған болатын. Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы (ТҮРКІСОЙ) аясында осындай жобаны іске асыру туралы біздің ұйымның ұсынысын 2010 жылы Ыстамбұлда өткен Түркі тілдес мемлекет басшыларының Х саммитінде Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев қолдап, соның арқасында аталған саммитте 2012 жылы Астана қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Сөйтіп, ТҮРКІСОЙ аясында  түркі әлемінің мәдени астанасын жариялау дәстүрі ұйым тарихында тұңғыш рет Астанадан басталып, келешекте басқа түркі халықтарының басты қалаларына таралатын болады. Айта кетерлігі, қазірдің өзінде «түркі әлемінің мәдени астанасы» аталуға өте көп ұсыныстар келіп түсуде. Мысалы, 2011 жылы Алматыда өткізілген Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің (Түркі кеңесі) І саммитінде 2013 жылы ЕскішеҺир (Түркия) қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы деп жарияланды. Демек, биыл Астана болашақта түркі тілдес елдер арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытуға бағытталған ірі жобалардың бірінің тұсауын кескелі тұр.

Атаулы жыл аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ТҮРКІСОЙ халықаралық ұйымының біріккен алғашқы шарасы - «Астана - түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасының ашылу салтанаты 24 ақпанда Елордамызда  ТҮРКІСОЙ-ға мүше 14 түркі тілдес республикалардан шақырылған фольклорлық, этномузыкалық өнер топтарының қатысуымен гала-концерт түрінде өткізіледі. Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Астана әкімдігінің қолдауымен жыл бойы Астанада ТҮРКІСОЙ-дың дәстүрлі шаралары  ұйымдастырылатын болады. Атап айтар болсақ, биыл біздің ұйымның дәстүрлі суретшілер, фотосуретшілер, мүсіншілер кездесуін, Опера күндерін, дәстүрлі музыка фестивалін, эстрадалық музыка фестивалін Астанада өткізуді жоспарлап отырмыз.  Сондай-ақ, түркі халықтарының мәдениет күндерін өткізу де ойымызда бар. Мәдениет министрлігінің жоспарындағы Қазақстандағы Әзірбайжанның Мәдениет күндеріне де халықаралық ұйым ретінде өз үлесімізді қоспақпыз.  Сонымен қатар,  Түркі академиясымен, Л.Н.Гумилев атындағы Евразия университетімен  бірігіп түркі халықтарының мәдениетіне қатысты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастыруды да жоспарлаудамыз.

- ТҮРКІСОЙ халықаралық ұйымының осымен тағы да бір табысты жылы артта қалды. Түркі тілдес елдер мәдениетінің дамуына, насихатталуына зор үлес қосқан жоғарғы деңгейдегі көптеген шаралар ұйымдастырылды. Өткен жылды қорытындылай келгенде, қандай елеулі жетістіктерді атап айтар едіңіз? Қазақстанда қандай шаралар ұйымдастырдыңыздар?

- Өткен жыл  ТҮРКІСОЙ халықаралық ұйымы үшін табысқа толы абыройлы жыл болды.  Жалпы, соңғы 3-4 жылда ұйым өткізген  шаралар саны еселеп артып, соған сәйкес оның халықаралық аренадағы беделі мен танымалдығы да өсіп келеді. 2011 жылғы ең басты жетістігіміз - БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Наурыз мерекесін өткізуіміз болды. Наурыз мерекесі 2009 жылы ЮНЕСКО тарапынан әлемдік материалдық емес мәдени мұралар тізіміне кіргізіліп, ал 2010 жылы ол БҰҰ тарапынан халықаралық дәрежедегі мереке болып жарияланған болатын. Біз осы әлемнің ең басты екі халықаралық ұйымының да штаб-пәтерлерінде Наурыз мерекесін атап өтіп, дүниежүзілік ауқымда зиялы қауымғатүркі халықтарының мәдениетін, өнерін, дәстүрін, ұлттық ерекшеліктерін танытуға тырыстық. ТҮРКІСОЙ басшыларына «Сіздер неге Наурызды көп насихаттайсыздар?» деген сұрақ жиі қойылады. Біздің ойымызша, Наурыз мерекесі - ешкімді дініне, нәсіліне, тегіне қарап бөлмейтін адмзатқа ортақ, табиғатқа етене ең ежелгі мереке. Ол - халықтарды біріктіруші, ұлттарды бір-біріне жақындастырушы, адамгершіліктің, жақсылықтың, қуаныштың мерекесі. Мұқым дүниеге бұл мереке насихатталса одан ешкімге зиян болмайды, тек пайдасы ғана болатыны хақ.

2011 жылы ТҮРКІСОЙ ұйымы Қазақстан мәдениетіне қатысты да көптеген шараларды іске асырды. Әзірбайжан, Түркия, Түркіменстан, Башқұртстан т.б. түркі тілдес республикаларда өткізілген біздің ұйымның дәстүрлі шараларының бәрінен қазақстандық мәдениет қайраткерлері мен өнер өкілдері ешқашан тыс қалған емес. Мәселен, тек бір жыл ішінде Қазақстаннан үш театр ұжымын Түркияға шақырып, театр фестивалдеріне қатыстырдық. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры және Павлодар облыстық драма театры Кониядағы Түркі халықтарының театр фестиваліне шақырылса, жиырма жыл бойы үздіксіз ұйымдастырылып келсе де бұл күнге дейін түркі халықтарының бірде-бір театры қатыспаған Аданадағы  халықаралық  театр фестиваліне тұңғыш рет Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар театры біздің шақыртуымызбен қатысып, елге жүлделі оралды. Биыл Қызылорда және Өскемен облыстық театрлары Түркияға келетін болады. Жалпы, соңғы үш жылда Қазақстаннан біздің ұйымның шақыруымен 8 театр ұжымы, 3 халық-аспаптар оркестрі, опера театрының ұжымы, ондаған өнер топтары, жүздеген өнер мен мәдениет қайраткерлері шетелдік іссапарға шығарылды.

Сонымен қатар біз Қазақстанда да Мәдениет және ақпарат министрлігімен, жергілікті әкімдіктермен, жоғары оқу орындарымен бірігіп, бірнеше ірі мәдени іс шараларды жүзеге асырдық. Солардың қатарында Жамбылдың мерейтойына орай Алматы қаласында Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде өткен «Жамбыл және түркілердің  эпикалық дәстүрі» халықаралық конференциясын, Өскемен қаласында өткен «Алтай-түркілердің алтын бесігі» халықаралық мәдениет форумын, Астанада өткен Түркі тілдес елдердің Мәдениет министрлерінің Тұрақты Кеңесін, Қызылорда облысында өткен «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фестивалін т.б. атап өтуге болады.

Бұған қоса біздің ұйым Дина Нұрпейісованың 150 жылдығына орай Д. Нұрпейісова атындағы Атырау облыстық халық-аспаптар оркестрін шақырып, Түркиядағы Хатай, Газиантеп, Анкара қалаларында гастрольдік сапарын ұйымдастырды және Анкара қаласында Д. Нұрпейісова атындағы саябақтың ашылуына ықпал етті. Сондай-ақ, Қасым Аманжоловтың 100 жылдығына орай Қарағандыда өткен Қасым тойына Әзірбайжан, Түркия, Татарстан, Башқұртстаннан ақын, жазушы, ғалымдардың қатысуын қамтамасыз етіп, ең бастысы, Қасым шығармаларынан осы туысқан тілдерге аударма жасалуын ұйымдастырдық. Түркияның Ялова, Ыстамбұл және Анкара қалаларында Қасым ақын күндерін де өткіздік. Мақсатымыз - Қазақстанның ең мықты, көрнекті мәдениет пен өнер қайраткерлерін, ақын-жазушыларын, мәдени мұраларын түгел түркі әлеміне таныту.

- Қазақстан мемелекеті Тәуелсіздік  жолында көптеген қиын-қыстаулардан өтіп, әртүрлі салаларда ауқымды өзгерістер жасалып, қазіргі таңда халықаралық аренада өзіндік ерекше орынға ие болды. Еліміздің 20 жылдық тәуелсіздік жолын қалай бағалар едіңіз?

- Қазақстан 20 жыл ішінде экономикалық, саяси дамуы жөнінен биік белестерді бағындырды. Ал мәдениет саласындағы ең үлкен жетістік - «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы деп білем. Бұл - мемлекетіміздің, Елбасымыздың, ғалымдарымыздың, мәдениет саласы қызметкерлерінің басты жеңісі деп ойлаймын. Мәдениет саласында жасалған жақсы іс мәңгілікке қалады. Қазақстанда жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасы секілді ауқымды жұмыс, менің ойымша, түркі тілдес елдерде ғана емес, әлемнің дамыған мемлекеттерінің көбінде әлі орындала қойған жоқ. Қысқа уақытта дәл мұндай көлемдегі күрделі міндетті атқару - еңсесі биік елдің еншісі. «Мәдени мұра» бағдарламасы өлкелік, облыстық, аудандық деңгейдегі түрлі бағдарламалардың жасалуына да оң ықпал етіп, ең бастысы, жергілікті басқару органдарының мәдениетке деген көзқарасының өзгеруіне де себепші болды. Бұл - үлкен жетістік. Себебі, мәдениет дамымай, ұлттың дамуы мүмкін емес. Мәдениеті, тарихи танымы, тілі, дәстүрі дамымаған ел ешқашан  ел бола алмайды.

- ТҮРКІСОЙ-дың басқа халықаралық ұйымдармен, қоғамдық бірлестіктермен қарым-қатынастарды орнатып, жиегін кеңейту жоспары бар ма?

- ТҮРКІСОЙ қазір үлкен беделге ие, танымал халықаралық ұйым. Өзара ынтымақтастық туралы ЮНЕСКО-мен хаттамамыз бар. ТМД-ның Халықаралық Гуманитарлық ынтымақтастық қорымен де келісім-шартқа қол қойғанбыз, қазір бірігіп «Еуразия түркітанушыларының биобиблиографиялық сөздігі» жобасын іске асырудамыз. Араб әлемінің басты халықаралық мәдениет ұйымы  ИСЕСКО мен ТҮРКІСОЙ арасындағы хаттамаға өткен жылы Баку қаласында қол қойылды.   Осылайша Еуропа, Америка, Африка, Азиядағы негізгі серіктестеріміз белгілі болды деп айтуға болады.

Еуразияның әр түкпірінде түрлі себептермен ТҮРКІСОЙ ұйымына кіре алмаған түркі халықтары бар. Олар Еуропада, Иранда, Иракта, Ресейде, Қытайда т.б. мемлекеттерде өмір сүруде. Сондықтан біз әртүрлі саяси жағдайларға қарамастан осы елдердің бәрімен де жақсы қарым-қатынаста, өзара мәдени байланыста болуға тиіспіз. 

Жақында біздің ұйым Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігімен өзара ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойды. Ресей - көпұлтты мемлекет, онда өмір сүретін түркі халықтарының саны да мол. Ресей басшылығының соңғы кездегі түркі республикаларының мәдени ықпалдасу саясатына дұрыс, түсіністікпен қарауы, болашақта түрлі келеңсіз оқиғалардың азаюына септігін тигізіп, мәдени тұрғыдағы интеграциялық жобалардың көбеюіне жол ашады деп ойлаймын.

Ендігі жоспарымыз Қытаймен де тығыз байланыстар орнату, өйткені Қытайда да мекен ететін қазақ, өзбек, ұйғыр, қырғыз, сарыұйғыр сынды түркі халықтары бар, олармен де жұмыс жасауымыз керек. Бұл Қытай саясаты үшін де дұрыс болар еді, өйткені ол жерде де сепаратистік бағыттағы, лаңкестікке қатысты қиындықтар бар. Қытай да өз кезегінде Орта Азия, Ресей, Түркияда тұратын түркі тілдес халықтармен сенімді қатынас орнатуды қалайды. Бұның ең тура жолы - мәдени ынтымақтастықты  дамыту.

- Сұхбатыңызға рахмет! Жұмыстарыңызға табыс тілеймін!

 

Соңғы жаңалықтар