Мәдениет министрлігінің 20 млрд теңгені тиімсіз жұмсағаны анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жұмысында 343 млн 900 мың теңгенің қаржылық бұзушылық фактілері анықталды. Министрліктің жекелеген бюджеттік бағдарламаларының іске асырылуы бойынша жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша Есеп комитетінің мүшесі Талғат Жақан осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атап айтқанда, министрлік «Қазақ ұлттық хореография академиясына» 7,9 млн теңге көлемінде негізсіз қосымша құн салығын (ҚҚС) аударған. Ол уақытта академия ҚҚС төлеуші болмаған», - деді Талғат Жақан.

Оның айтуына қарағанда, министрліктің жұмысынан тағы бірқатар кемшілік табылған.

«Жалпы, аудиторлық шаралар бойынша 343 млн 900 мың теңгенің қаржылық бұзушылық фактілері анықталды. Орынды жоспардың болмауынан 20 млрд 600 млн теңге тиімсіз жұмсалған. 846 млн теңгенің мемлекеттік сатып алуы кезінде бұзушылықтарға жол берілген. 91 процедуралық бұзушылық болған. Аудит барысында орнына қойылуы тиіс 10 млн 900 мың теңгенің бұзушылықтарын реттеу бойынша шаралар қабылданды. 333 млн теңгенің жұмысы қалпына келтірілді. 9 млн 700 мың теңге өтелді. 75 млн 400 мың теңге қайтарылды. Әкімшілік құқықбұзушылық сипаты бар 28 іс әкімшілік өндіріс ісін қозғау үшін уәкілетті органға тапсырылды», - деді Талғат Жақан.


Соңғы жаңалықтар