Мәдениет министрлігі елде 20-ға жуық архив ғимаратын салуды жоспарлап отыр

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі алдағы уақытта 500 мың сақтау бірлігіне арналған 20-ға жуық Мемлекеттік архив ғимаратын салуды ұсынып отыр.

Бүгін Мәдениет және спорт министрлігінің мәдениет, архив және баспа ісі салаларына арналған алқа отырысы өтті. Осыған қарай, Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов министрліктің тарапынан осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстары мен болашақ жоспарлары туралы өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Құрметті достар!

Бүгін Мәдениет және спорт министрлігінің мәдениет, архив және баспа ісі салаларына арналған алқа отырысы өтті.

Кеңейтілген жиынға Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов, Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері, сала мамандары қатысты. Жиында мәдениет пен архив саласында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндалып, алдағы мақсат-міндеттер сараланды.

Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Мәдени саясатты дамыту тұжырымдамасын өзектендіру жұмыстары министрлік тарапынан кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді.

Атап айтқанда, мәдени саясатты дамыту тұжырымдамасының жобасында Ұлттық жоба мен Президенттің Сайлауалды бағдарламасындағы көрсеткіштер интеграцияланып, халықаралық тәжірибеге шолу жасалып, мәдени саясаттың басым бағыттары қамтылып отыр.

«Осы орайда былтыр қолға алынған, алда жүзеге асыратын іргелі істердің бірқатарын осы жерде тарқатып айта кеткім келеді.

Баршамызға мәлім, былтыр «Ұлттық» мәртебесі бар мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы екі есеге жуық өскен болатын. Аталған нысандар тізімі алдағы уақытта да кеңейтілуі керек»,-деді Асхат Оралов.

Оның сөзіне, сонымен қатар, шығармашылық жоғары оқу орындарындағы концертмейстерлер, сондай-ақ үрмелі музыкалық аспаптарда ойнайтын мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметкерлері, би ансамблі әртістерінің әл-ауқатын көтеру жоспарланып отыр. Бұл орайда заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер енгізу жұмыстары басталып кетті.

Сондай-ақ еліміздің архив қоймаларына қатысты бірқатар мәселе бар, олар назардан тыс қалмайды. Министрлік алдағы уақытта 500 мың сақтау бірлігіне арналған 20-ға жуық Мемлекеттік архив ғимаратын салуды ұсынып отыр. Бұл бастама ведомствоаралық жұмыс пен үйлестіруді талап етеді.

Одан бөлек, еліміздің тарихына қатысты архив құжаттарын шетелден алдыру жұмыстары қарқынды жалғасатын болады. Бұл қатарда археологиялық зерттеулер мен тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарын да айрықша атай кеткеніміз жөн.

Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда визит орталықтар саны жыл санап артып келеді. Олардың қатарына биыл «Ордабасы», «Сауран», «Сарайшық» және «Есік» визит орталықтары қосылатын болады.

Тарихи-мәдени мұрадан бөлек, министрлік ұлттық әдебиетімізді қолдау бойынша да кешенді жұмыстарды атқаруда. Атап айтқанда, биыл жас жазушылар мен ақындарға арналған Президенттік әдеби сыйлық тағайындалатын болады.

Сондай-ақ мәдениет қызметкерлерінің халықаралық форумын ұйымдастыру жоспарда бар. Бұл қатарда «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын, «Жаңа қазақ әдебиеті» жобасын ерекше айта кетуімізге болады.

Алқа мәжілісінде сондай-ақ, Ш.Айманов атындағы еліміздің ең ірі киностудиясы жаңғыртылатыны сөз етілді. Одан бөлек, отандық театр ғимараттарын салу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Сонымен қатар биыл өнеріміз бен мәдениетімізге қалтқысыз қызмет еткен бірнеше тұлғамыздың ғасырлық мерейтойын ескере отырып, «Тағылымға толы ғасыр» атты арнаулы жобасын ұсындық. Оның аясында біртуар қайраткерлеріміздің рухани мұрасын дәріптеп, насихаттауымыз керек. Бұл қалың көпшіліктің мәдени игілігіне жарайтын ізгі жобаға айналады деп сенемін.

«Жалпы алдымызда тұрған ауқымды міндеттер аз емес. Жоспарлы жұмыстардың барлығына жауапкершілікпен қарап, үйлесімді іс қыла алсақ, алынбайтын асу, бағынбайтын белес жоқ деп ойлаймын.

Алқаға қатысқан барлық әріптеске алғыс білдірігім келеді»,-деді министр.


Фото: facebook.com/Асхат Оралов

Соңғы жаңалықтар