Мәдениет қайраткерлері медицина күнімен құттықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәдениет қайраткерлері медицина күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Адамзаттың денсаулығы мен өмірі үшін күн сайын күресіп, ұлт болашағы үшін аянбай етіп жүрген дәрігерлердің ерен еңбегі құрметке лайық.

Әсіресе пандемия өршіп тұрған қазіргі қиын кезеңде ақ халатты абзал жандар нағыз шыдамдылық пен төзімділік, зор жауапкершілік танытып, жанкешті еңбек етіп жүр.

Мәртебелі маман иелеріне қолдау көрсетіп, рухани күш-жігер сыйлау мақсатында мәдениет пен өнер қайраткерлері әлеуметтік желілерде жаңа бейнеролик ұсынды.

Бұл ерекше бейнеролик медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай жарық көрді. Осы арқылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты«Қазақконцерт» ұйымының әншілері мен белгілі өнер жұлдыздары ақ халатты абзал жандарға алғыс білдіріп, жүрекжарды тілектерін жеткізді.

Олардың қатарында Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова, Жеңіс Сейдуллаұлы, Сәкен Майғазиев, Жанна Орынбасарова, Жұбаныш Жексенұлы, Медеу Арынбаев, Ерлан Рысқали, Клара Төленбаева, Құрмаш Махан, Алишер Каримов, Дастан Оразбеков т.б. танымал әншілер бар.

Осындай бейне құттықтау идеясын бастаған «Қазақконцерт» ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы дәрігерлер бұрыннан-ақ мейірімділік пен қамқорлықтың, еңбекқорлықтың символына айналғанын жеткізді. «Дәрігер мамандары әрдайым сый-құрметке лайық деп білемін. Ауру жанға батқан кезде дертке дауа, емге шипа іздеп, бірден дәрігерлердің көмегіне жүгінеміз. Әсіресе қазіргі уақытта көп дәрігерлер ауруханада күндіз-түні еңбек етіп, вирусқа қарсы табанды күрес жүргізуде. Жақсы сөз – жарым ырыс демекші, осылайша дәрігерлерге шын алғыс пен ыстық ықыласымызды жеткізе білсек, оларға бұл жақсы қолдау болады деп сенемін. Халық денсаулығын сақтау жолында биік белестерге ұмтылған барша дәрігерлерге алғысым шексіз, - деп бөлісті Жеңіс Сейдуллаұлы.

Соңғы жаңалықтар