Мәдени құндылықтарды заңсыз әкетуге тиым салатын конвенция мақұлданды - Мәжіліс

None
None
АСТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге,

әкетуге және оларға меншік құқығын беруге тыйым салу мен олардың алдын алуға бағытталған шаралар туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Аталған Конвенцияның мақсаттары үшін әрбір мемлекет археология, тарихқа дейінгі кезең, тарих, әдебиет, өнер және ғылым үшін маңызы бар деп қарайтын діни немесе зайырлы сипаттағы құндылықтар мәдени құндылықтар болып саналады және сол құндылықтар бірқатар санаттарға жіктелетін болады. Атап айтқанда, мәдени құндылықтарға сирек кездесетін флора мен фауна үлгілері, ірі тарихи оқиға мен белгілі адамдарға қатысты затттар, археология жаңалықтары, сирек қолжазбалар, көне кітаптар мен пошта маркалары, сондай-ақ жасалғанынан 100 жылдан астам уақыт өткен тиындар, мөрлер, жиһаздар т.б. заттар жатады.

«Конвенцияға қосылу Қазақстан үшін аса қажет. Біріншіден, 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Кеден одағына мүше мемлекеттер ортақ экономикалық кеңістікке енеді. Бұл ретте Беларусь пен Ресей Конвенцияға әлдеқашан мүше болып үлгерген. Осыны ескеретін болсақ, аталған мәселені Қазақстан тарапынан ертерек біріздендіру қажет. Бұған қоса ТМД елдерінің ортақ мәдени кеңістігінде орналасқандығын еске салсақ, Қазақстан осынау халықаралық құжаттан шет қалмауы шарт. Екіншіден, мемлекеттердің мүддесіне жауап беретін халықаралық құжатқа қосылу өркениеттіліктің белгісі. Бұл еліміздің имиджіне оң әсер етеді. Мәселен, біз бұған дейін ЮНЕСКО-ның шешімімен бүкіл әлемдік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенцияға қосылдық. Мына конвенция да содан туындайды. Осының арқасында біз бүкіл әлемдегі үлкен тарихи маңызға ие мәдени мұралардың тізіміне еліміз үшін аса құнды ескерткіштерді (Қ. Ясауи кесенесі мен «Таңбалы тас») енгіздік. Бұл шара Қазақстанның мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттауға мол мүмкіндік тудырды. Үшіншіден, Конвенция осы салаға қажетті кадрларды даярлауға, мәдени құндылықтарды әкелу мен әкету мәселесін реттейтін арнайы қызметтерді құруға септігін тигізеді», - дейді Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед. Оның айтуынша, Конвенция мәдени құндылықтарды ұрлаудан қорғау бойынша мүше мемлекеттерге түрлі шараларды да жүктейді. Мәселен, құжатқа сәйкес мүше мемлекеттер ұрланған мәдени құндылықтарды елге кіргізбеуі, мәдени құндылығы ұрланған мемлекетке ол жайында ақпарат беруі және оларды өз аумағында орналасқан мұражайлардың қабылдауына жол бермеуі тиіс. Бұл барлық мемлекеттер үшін мәдени құндылықтарды қорғау саласындағы ең өзекті мәселе болып табылады.

Сонымен бірге, заңсыз археология жұмыстарына бақылауды күшейту Конвенцияның негізгі мақсаттарының бірі болып табылады. Конвенцияны 1970 жылы 14 қарашада Париж қаласында ЮНЕСКО қабылдаған. Бүгінгі таңда бұған дүние жүзіндегі 119 мемлекет қосылып отыр. Оның ішінде Кеңес одағы республикаларының барлығы дерлік қосылған. Қалғаны Түркіменстан мен Қазақстан, Латвия ғана қосылмай отыр.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.

Соңғы жаңалықтар