Мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншік құқығын беруге тыйым салатын заң қабылданды

None
None
ТАНА. 24 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншік құқығын беруге тыйым салу мен олардың алдын алуға бағытталған шаралар туралы Конвенцияны ратификациялау туралы» заңын қабылдады.

Аталған Конвенцияның мақсаттары үшін әрбір мемлекет археология, тарихқа дейінгі кезең, тарих, әдебиет, өнер және ғылым үшін маңызы бар деп қарайтын діни немесе зайырлы сипаттағы құндылықтар мәдени құндылықтар болып саналады және сол құндылықтар бірқатар санаттарға жіктелетін болады. Атап айтқанда, мәдени құндылықтарға сирек кездесетін флора мен фауна үлгілері, ірі тарихи оқиға мен белгілі адамдарға қатысты заттар, археология жаңалықтары, сирек қолжазбалар, көне кітаптар мен пошта маркалары, сондай-ақ жасалғанынан 100 жылдан астам уақыт өткен тиындар, мөрлер, жиһаздар т.б. заттар жатады.

Конвенцияға қосылу Қазақстан үшін аса қажет. Біріншіден, 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Кеден одағына мүше мемлекеттер ортақ экономикалық кеңістікке енеді. Бұл ретте Беларусь пен Ресей Конвенцияға әлдеқашан мүше болып үлгерген. Осыны ескеретін болсақ, аталған мәселені Қазақстан тарапынан ертерек біріздендіру қажет. Бұған қоса ТМД елдерінің ортақ мәдени кеңістігінде орналасқандығын еске салсақ, Қазақстан осынау халықаралық құжаттан шет қалмауы шарт. Екіншіден, мемлекеттердің мүддесіне жауап беретін халықаралық құжатқа қосылу өркениеттіліктің белгісі. Үшіншіден, Конвенция осы салаға қажетті кадрларды даярлауға, мәдени құндылықтарды әкелу мен әкету мәселесін реттейтін арнайы қызметтерді құруға септігін тигізеді. Конвенция мәдени құндылықтарды ұрлаудан қорғау бойынша мүше мемлекеттерге түрлі шараларды да жүктейді. Мәселен, құжатқа сәйкес мүше мемлекеттер ұрланған мәдени құндылықтарды елге кіргізбеуі, мәдени құндылығы ұрланған мемлекетке ол жайында ақпарат беруі және оларды өз аумағында орналасқан мұражайлардың қабылдауына жол бермеуі тиіс. Бұл барлық мемлекеттер үшін мәдени құндылықтарды қорғау саласындағы ең өзекті мәселе болып табылады.

Сонымен бірге, заңсыз археология жұмыстарына бақылауды күшейту Конвенцияның негізгі мақсаттарының бірі болып табылады. Конвенцияны 1970 жылы 14 қарашада Париж қаласында ЮНЕСКО қабылдаған. Бүгінгі таңда бұған дүние жүзіндегі 119 мемлекет қосылып отыр. Оның ішінде бұрынғы Кеңес Одағы республикаларының барлығы дерлік қосылған. Қалғаны Түркіменстан мен Қазақстан, Латвия ғана.

Соңғы жаңалықтар