Мәдени көпір: Қазақстан мен Қытайдың халық композиторларының достығы туралы не білеміз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Заманында Қазақ жері Қытай мен Еуропа елдерінің арасын байланыстырған Ұлы Жібек жолының батысқа шығатын қақпасы, маңызды сауда жол торабы болғаны белгілі. Бүгінгі күні Қытай мен Қазақстан арасындағы сол тарихи достық байланыстар, екі елдің «Нұрлы жол» және «Бір белдеу, бір жол» бағдарламаларымен тоғыса ұштасып қайта жанданып, дамуда. Бұл достық өзара сенімді саясатқа, ортақ мүдені көздеген экономикалық серіктестікпен қатар, мәдени байланыстарға да ұласып жатыр.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылдың маусым айындағы Қытайға жасаған мемлекеттік сапарында, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен бірге «Композитор» фильмінің трейлерін тамашалауы, қос елдің мемлекеттік деңгейдегі мәдени байланыстарға ден қоюының анық айғағы болды дер едік. Қытай композиторы Си Синхайдың өміріне арналған бұл туынды қазақстандық-қытайлық бірінші киножоба саналады. «Композитор» фильмін Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен қытайлық Shinework және Pictures China Film Coproduction Corporation компаниялары бірлесіп түсірген.  Фильмде Бақытжан Байқадамовтың рөлін Берік Айтжанов, ал Си Синхайдың рөлін қытайлық актер Ху Цзюнь сомдайды.

Бұл фильмге Қытайдың танымал халық композиторы Си Синхайдың (Xian Xinghai) бүкіл саналы ғұмыры және өмірінің бөлінбес бір бөлшегі болған Қазақстанда өткен жасын жылдары арқау болған. Онда да қазақтың біртуар композиторы Бақытжан Байқадамовпен өмірде де, өнерде де айнымас дос болып өткен кезеңдері, қос қайраткердің екі елдің достығына алтын арқау болған жақын жолдастығы, жарқын келбеті туындыда көрініс таппақ. Біз осы қытай композиторы Си Синхайдың өмір жолына үңіліп көрген едік. 

Си Синхай 1905 жылы Қытайдың Макауа аралында кедей балықшы отбасында дүниеге келген. Кейінен Гуандун провинциясына қоныс аударған. Ол әкесінен жастай жетім қалады. Сондықтан балалық шағы қиыншылықтар мен жоқшылықтарға толы болды. Әйтсе де, бұл ауыртпалықтар талапты жастың жігерін мұқалта алған жоқ, ол музыка өнеріне деген тума таланты мен қажыр-қайратының арқасында үздіксіз білім алуға талпынып отырды. 1926 жылы Бейжің университетінің жанындағы ұлттық музыка институтына оқуға түсіп, музыка сырына үңіле бастайды. 1928 жылы Шанхай ұлттық музыкалық консерваториясына түсіп, иық қобызы және пианино бойынша дайындалды. Ал 1929 жылы Парижге барып, 1931 жылы Париж консерваториясына композиторлық өнерді зерттеуге қабылданды. Осылайша, ол Францияда аспирантурада білім алған тұңғыш қытай азаматы атанды.

Си Синхай 1935 жылы Парижден Шанхайға қайтып келеді. Бұл кезде Жапония Қытай жеріне басып кіріп, елдің көптеген ірі қалаларын жаулап алған болатын. Елінің осындай мүшкіл халіне жаны ауырған отаншыл қайраткер қол қусырып қарап отыра алмады, отаршылдарға қарсы түрлі ереуілдерге қатысып ғана қоймай, халықтың рухын жанып, намысын оятатын «Елді құтқару», «Қарсыласпау - біздің жалғыз қорқынышымыз», «Партизандар өлеңі», «Біз жолдарды аштық», «Ұлан-байтақ Сібір», «Отанның ұлдары», «Жауға қарсы майданға аттан!», «Тайһаң тауларында» сияқты музыкалық шығармалар жазды. 1938 жылы ол өзінің атақты «Сары өзен кантатасы» шығармасын жарыққа шығарды. Бұл Си Синхайдың шығармашылық қарым-қабілеті әбден толысып, жетілген кезең еді. Қытай жерінің қан тамырындай ұзыннан-ұзаққа созылып тарамдалып, қос қапталында ұлт ұрпақтары ғасырлар бойы өніп-өсіп келе жатқан «Сары өзенді» (Хуанхэ) қытай халқы «Ана өзен» деп қадір тұтатын. Міне, осы атақты өзенге арнап шығарылған туындының да деңгейі жоғары болды. Ұлт мақтаншына айналған бұл шығарманы бүгінде бір жарым миллиард Қытай халқының білмейтіндері кемде-кем.

Си Синхай 1940 жылы Қытай коммунистік орталық партия комитетінің тапсырмасын арқалап, Хуан Шун деген лақап атпен Кеңес үкіметіне жол тартты. Оның мақсаты - «Мосфильм» киностудиясында «Яньань және 8-ші армия» атты деректі фильмнің музыкасын жазып қайту болатын. 1941 жылы Германия Кеңес одағына қарсы соғыс ашқаннан кейін Мәскеудегі жұмыстар тоқтатылып, фильм аяқсыз қалады. Осыдан соң Си Синхай еліне тездетіп кетудің қамын жасады. Алғашында Қытайға өтіп кету үшін Моңғолия еліне барады, дегенмен бұл қадамы сәтсіз болып шығады. Өйткені Қытайда музыкалық туындыларына жақын адамның Коммунистік партияға жақтасып жүруі билік басындағы Гоминьдан партиясының ішкі қыжылына айналған болатын. Сондықтан олар мұндай қауіпті адамды елге кіргізбеуге тырысты. Қолдарына түссе, тұтқындауға да дайын еді. 

1942 жылы Си Синхай еліне кетудің екінші бір мүмкіндігін қарап көру үшін Алматыға келеді. Мұнда Қазақстан шекарасы арқылы Шыңжанға өтіп кетпек болған еді. Бірақ бұл жолы да Шыңжанды басқарып отырған Шэн Шицай үкіметі кедергі жасайды. Кеңес билігі де көмек жасауға еш құлық танытпайды. Алматыға бар ақшасын жұмсап, арып-ашып зорға жеткен Си Синхай осыдан кейін барар жер, басар тауы қалмай әбден торғады. Сол заманда бүкіл елді соғыс үрейі билеген, халықтың жағдайы ауыр, жұтаң күйде тіршілік кешіп жатқан. Біреуге біреу қарайласуға дәрмен жоқ заман. Ендігі жерде Си Синхайдың басына басқа емес, өз өмірін сақтап қалудың қамы мұңға айналған сын сағаты туған болатын. Дәл осындай қиын сәтте қазақ композиторы Бақытжан Байқадамовтың жолығып, аштық пен панасыздықтан өлім хәліне жеткен қытайдың атақты музыкантын құтқарып қалуы аңызға бергісіз әсерлі әңгіме арқауына айналады.

Бұл туралы Бақытжан Байқадамовтың қызы Балдырған Байқадамова баспасөзге берген бір сұхбатында былай еске алады: «Әкем көшенің бойында чемоданның үстінде бүрісіп отырған, азып-тозған, арық адамды көріп, аяп кеткен болуы керек. Қасына жақындап келеді. Желтоқсан айының ортасы болатын, күн суық. Әлгі адамның үстінде сырт киімі де жоқ екен, тоңғаннан бүрсең-бүрсең етеді. Чемоданға скрипка сүйеулі тұр. Аспапқа қарап, әкем бірден бұл жанның музыкант екенін түсінген. Жөн сұрайын десе, музыкант не орыс, не қазақ тілінде сөйлей алмайды. Ағылшын, француз тілдерінде бірдеңе айтпақ болады. Ал бұл тілдерді әкем білмейді. Екеуі біршама шүлдірлеседі. Жалпы, музыканттың тілін музыкант біледі деген түсінік бар ғой. Ең бастысы, әкем өзін Хуан Шун деп таныстырған жанға көмек керек екендігін түсініп, үйге бірге ала келеді. Алдына ас қойып, үстіне киім-кешек береді». 
Ол кезде өз аузына ас таба алмай отырған, кедейшілік пен жоқшылықтың қамытын айтпаған күннің өзінде, Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамған, қаһарлы шағында шетел азаматын үйіне әкеп қондыру бас кететін қауіпті қылмыс саналатын.

«Әкем мұқтаж жанға көмек көрсету үшін қандай тәуекелге барып тұр десеңші? Бір жағынан, әкем Бақытжан Байқадамов әйгілі Алашорда қайраткері, 1930 жылы ату жазасына кесілген Байқадам Қаралдиннің ұлы емес пе? Халық жауының ұлы болғаны үшін әкемді үш мәрте институттан шығармақ болған жоқ па? Оны ешқашан пионер, комсомол қатарына қабылдамай қойды емес пе? Тіпті, Отан қорғау мәртебесін де алып қойды ғой. Бірақ осының біріне қарамастан, әкем әлгі қытай азаматын алып келіп, барынша жағдайын жасауға тырысты», - дейді Балдырған Байқадамова сол уақыттардағы қиын күндерді есіне алып. 

Си Синхай Бақытжан Байқадамовтың отбасында бір жылдай тұрды. Қазақ пен қытай халқының талантты ұлдарының тағдыр сергелдеңімен бірге жүруі нәсіп болған осы күндері оларды рухани жақтан үндес, сырлас жандарға айналдырды. Бірақ Алматыда Си Синхайдың жұмыс істеп, өз күнін өзі көруіне мүмкіндік болмады. Тіптен, сыртқа шығып, еркін жүріп-тұруының өзі қауіпті болды. Сондықтан Си Синхай 1944 жылы жақын досы Бақытжан Байқадамовтың көмегімен Қостанайдағы жаңадан ашылып жатқан облыстық филармонияға жұмысқа тұруға аттанды. Ол сапарға шығар алдында еліне енді кете алмайтынын сезіп, досы Бақытжан Байқадамов пен оның балаларына соңғы тілегін жеткізеді. Денсаулығының нашарлап жүргенін, Қытайда тұратын отбасына, артта қалған жалғыз қызына өзінің бұл жақтағы жағдайын баян етуді, келешекте мүмкіндік болса жақын араласып тұруды аманаттайды. 

Си Синхай қазақ жерінде жүрген күндерінде отанына деген сағынышын, еліне деген сүйспеншілігі мен мақтаныш сезімін сіңірген «Ұлттың азат етілуі» және «Қасиетті соғыс» атты симфониялық тың туындыларын жарыққа шығарды. Сондай-ақ қазақ елінің кеңпейіл, меймандостығына алғыс ретінде «Аманкелді Иманов» симфониялық поэмасын, «Бүкіл өзен қызыл тартты» шығармаларын жазды. Ол Қостанай жерінде жүріп те облыстың ауыл-аймақтарын аралап, қазақ әндерін жинап, зерттеумен айналысты. Қазақ халқының әндеріне, домбыра, қобыз аспаптарына деген қызығушылығы мен ынтасы арта түсті. Әйтсе де дара таланттың жасын ғұмыры тым қысқа болды. Ол осынау қиын күндерде денсаулығын күте алмай, туберкулез ауруына шалдыққан еді. Соғыс біткен соң Си Синхай Мәскеуге емделуге барады. Бірақ айналдырған ауру алмай қоймайды, 1945 жылдың қазанында Мәскеу Кремлінің ауруханасында 40 жасында қайтыс болады. Оның қаралы хабары газет беттеріне шығып, Қытайдың белгілі композиторы қайтыс болғаны жария етіліп, шын аты аталғанға дейін «Хуан Шун» деген бүркеншек есіммен жүргенін Бақытжан Байқадамовтың отбасы да білмеген болатын. 

Си Синхай қысқа ғұмырында 300-ден астам шығарма жазды. Оған қоса ол 35 мақала жариялады, соның ішінде «Ние Ер - Қытайдың жаңа музыкасын жаратушы» және «Қытай музыкасының ұлттық стильдері туралы» атты мақалалары бар. Қытай музыкасына жасаған ықпалы үшін ол Қытай Халық Республикасының Халық композиторы атағына ие болған.

Қытайдың көрнекті композиторына 1999 жылы Алматы қаласының Бостандық ауданында көше аты беріліп, ескерткіші орнатылған. 2000 жылы Бақытжан Байқадамовтың мұражайы ашылып, сол үйге Си Синхайға арнап ескерткіш тақта қойылады. Осы мұражайдың ашылу салтанатына Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен бірге Қытай төрағасы Цзян Цзэмин де қатысты. Мемлекеттік сапармен жүрген Қытай төрағасы сол жолы өзімен бірге Қытай Халық Республикасының Халық композиторы Си Синхайдың жалғыз қызы Нинаны ілестіре келеді. Нина бұдан бұрын да, 1987 жылы қазақ еліне келген болатын. Онда да әкелерінің ұлы достығын қадірлеген Бақытжан Байқадамовтың балалары әуежайдан алдынан шығып емен-жарқын қарсы алған екен.                                                                                                                                       
Бақытжол Кәкеш

Соңғы жаңалықтар