М. Жәкішев 111 млн. теңгеден астам қаржыны қымқырып, 791 млн. теңгеден астам пара алған - Н. Жолдасбеков

None
None
АСТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Мұхтар Жәкішев «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының президенті болған уақытта, мемлекеттік қызметтер орындауға уәкілеттілік берілген тұлға бола отырып, өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, ұйымдасқан қылмыстық топпен бірге оған сеніп тапсырылған «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» акционерлік қоғамының мүлкін 111 миллион теңгеден астам мөлшерінде ірі көлемде ұрлаған.

Бұл туралы бүгін Астанадағы баспасөз мәслихатында Сарыарқа ауданының №2 аудандық сотының төрағасы Нұржан Жолдасбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, М. Жәкішев, сондай-ақ делдалдар арқылы топтасып бірнеше рет аса ірі мөлшерде жалпы сомасы 791 миллион теңгеден астам көлемде ақша түрінде пара алған. «Егер айыптаушы тарапынан ұсынылған осы айыптардың барлығын қысқаша баяндайтын болсақ, олардың барлығы сот отырыстарында толықтай расталды және үкімнің негізін қалады», деді Н. Жолдасбеков.

Оның атап көрсетуінше, сот М. Жәкішев «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының басшысы қызметіне тағайындалған 1999 жылдан бастап 2009 жылдың мамыр айын қоса алғандағы кезеңде ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында құрылыс, мердігер жұмыстарын, материалдар мен қызметтерді жеткізуді жүзеге асыратын фирмалардың, компаниялардың заңды тұлғалар өкілдерінен қорқыту арқылы аса ірі мөлшерде пара ретінде ақша қаражатын алғанын анықтаған. Жәкішевтің делдалдар арқылы пара берушілерден алған ақша қаражатының мөлшері жасалған шарттар сомасының 2-ден 10-пайызы аралығын құраған. «Жәкішевтің аса ірі мөлшерде пара алған мұндай 29 эпизодтар сот отырыстарында расталды. Оның жалпы сомасы 791 миллион теңгеден астам», деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, мысалы Қарағанды облысындағы кеніштерге күкірт қышқылын жеткізуге жасалған келісімшарт бойынша Жәкішев делдалдар арқылы 400 мың АҚШ доллары көлемінде пара алған. Тағы бір мысал, ол 2009 жылдың ақпан және сәуір айларында кеніштерге нысандар салу кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының мердігер ұйымдарының өкілдерінен пара ретінде 10 миллион 500 мың теңге алған. Сонымен қатар, Жәкішев 2005-2006 жылдары Қызылорда облысында кеніштер салу кезінде мердігер жұмыстарын жүргізуге бірлескен кәсіпорынның басшыларынан пара ретінде жалпы сомасы 640 мың АҚШ долларын бірнеше кезеңмен алған.

«Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің алған осы сомаларының барлығы «қара кассаға» шоғырландырылған. Бұл үшін сейфтер сатып алынған. Бастапқыда бұл ақшалар «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы кеңсесінің астында сақталған. Кейіннен оларды сақтау үшін әдейі пәтерлер жалға алынған. Жедел іздестіру шараларының барысында аталмыш ақшалар көрсетілген пәтерден тәркіленіп алынды», деді ол.

Алдын ала тергеу барысында тәркіленген Жәкішевтің пара ретінде алған ақшалары, сондай-ақ «Қазатамөнеркәсіп» АҚ вице-президенттеріне, департамент директорларына, құрылымдық бөлімшелер мен еншілес кәсіпорындар басшыларын заңсыз жолмен төленген, кейін өз еріктерімен қайтарған ақшалардың барлығы, атап айтқанда 19 млн. 159 мың 900 теңге, 2 млн. 739 мың 948 АҚШ доллары, 144 мың 700 еуро, 1 млн. ресей рублі және 450 ағылшын фунт стерлингі мемлекет кірісіне қайтарылған.

Оның сөзіне қарағанда, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев пен оның оққағары Талғат Қыстаубаевқа қатысты қозғалған қылмыстық істі сот берілген дәлелдерді зерттеу жұмыстарын айыптаушы және қорғаушы тараптардың тікелей қатысуымен айтысу және тең құқықтылық қағидаты негізінде жүргізді.

Айта кетейік, Сарыарқа ауданының №2 аудандық соты М. Жәкішевтің іс-әрекеттерін ҚР Қылмыстық Кодексінің 176-шы бабының 3-ші тармағының «а», «б» тармақшалары, 307-ші бабының 2-ші тармағы бойынша саралап, мүлкін тәркілеп және жазасын түзеу колониясында қатаң режімде өтеу арқылы 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады. Ал, Т. Қыстаубаевтың іс-әрекеттерін ҚР Қылмыстық кодексінің 176-шы бабының 3-ші тармағының «а» және «б» тармақшалары, 307-ші бабының 2-ші тармағы бойынша саралап, мүлкін тәркілеп және жазасын түзеу колониясында жалпы режімде өтеу арқылы 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес, тараптарға үкімге заңда белгіленген мерзімде аппелляциялық шағымдануға және наразылық білдіруге құқық берілді.

Соңғы жаңалықтар