Мьянмада құлдықтан қашып шыққан Қазақстан азаматтары елге жеткізіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мьянмада құлдықтан қашып шыққан Қазақстан азаматтары елге жеткізіледі. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кейінгі кездері Мьянма мен Таиландтың арасында орналасқан «Алтын үшбұрыш» деген аумақта Қазақстан азаматтары жұмыс құлдығына түсіп жатыр. Осыған дейін ескерту айтып, ақпарат таратсақ та, азаматтарымыз сол жерге барып жатыр. Кейінгі ақпарат бойынша сол жерде бес адам анықталды», - деді А. Смадияров елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, биыл сәуір айының орта кезінде бір адам Қазақстанның Таиландтағы консулына хабарласып, бес адам Мьянмада құлдықта отырғаны туралы айтқан. Олар аталған компанияның жұмысына өз еркімен барған.

«Осындай жағдайда бірнеше адамды құтқарған консулдың тиісті тәжірибесі бар. Осы орайда ол аталған адамдарға құлдықтан босап шығу тәсілдеріне қатысты кеңес берген. Біздің азаматтарды ұстап отырған компания екі ел шекарасының маңында орналасқан. Қазақ жігіттері сол жердегі өзеннен өтіп, Таиландтың аумағына қашатын болып келіскен. Бірақ, қашатын күні жарты сағат бұрын ғана консулды ескерткен. Ал, консул Бангкоктан аталған шекараға жету үшін автокөлікпен 7 сағаттай жүруі керек. Қазақстан азаматтары компанияның аумағынан шыққан бойда, олардың соңынан компания өкілдері қуғынға түскен. Бесеуінің төртеуі өзеннен өтіп үлгерген, ал біреуін компания күзетшілері ұстап алған», - деді ресми өкіл.

Оның сөзіне қарағанда, Таиландтың аумағына жеткен төрт адамға Қазақстан консулы көмектесіп, олар Бангкокке жетті. 3-4 күнде Қазақстан азаматтары елге оралады.

«Мьянмада қалған адаммен бір аптадан бері байланыс жоқ. Сол компанияның басшылығына және күзетшілеріне хабарласқан едік. Олар бізге нақты жауаптарын бермеді. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, олар әр адамға 6 млн теңге сұраған екен. Қазір келіссөздерді жалғастырып жатырмыз. Компания өкілдері жауап берсе, ол жігітті алып шығуға мүмкіндік бар», - деді А. Смадияров.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жыл басында Мьянмада құлдықта болған Қазақстаның екі азаматы елге жеткізілді.


Соңғы жаңалықтар