Мьянмада құлдықта болған Қазақстаның екі азаматы елге жеткізілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мьянмада құлдықтан босап шыққан Қазақстаның екі азаматы елге жеткізілді. Бұл туралы елордада өткен баспасөз мәслихатында Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жақында еліміздің екі азаматы Қазақстанға жетті. Жұма күні туыстары хабарласып, Мьянмадағы компаниядан қашып шыққандары туралы айтты. Біздің консул дереу Таиландтың шекарасына барып, Мьянмадағы шағын қалашықтың шетінен оларды алып кетті. Осы орайда оларға қауіпсіз жерге жасырынуға нұсқау бердік. Өйткені аталған компания өкілдері оларды іздейтін болса, бұл азаматтарды дереу тауып алатыны анық еді. Жергілікті тұрғындар да осы компанияға көмектесуі мүмкін еді», - А. Смадияров.

Оның айтуынша, Қазақстан азаматтары Бангкокке жеткізілгеннен кейін, олардың құжаттары рәсімделген. Көші-қон заңнамасын бұзу деректеріне қатысты айыппұлдары төленді.

«Сонымен қатар, оларға Қатар арқылы әуе көлігімен ұшып келу үшін билет сатып алынып, кейін Алматыға жеткізілді», - деді ресми өкіл.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 16 қаңтар күні ҚР Сыртқы істер министрлігі БАҚ өкілдеріне Таиланд пен Мьянма елдерінде құлдыққа тап болғаны туралы мәлімдеген қазақстандықтардың жағдайы туралы мәлімет берді.


Фото: gov.kz


Соңғы жаңалықтар