М.Мырзалин 50 атбасарлық балаға жазғы лагерге жолдама берді

None
None
КӨКШЕТАУ.ҚазАқпарат - Ақмола облысының əкімі Мəлік Мырзалин 1 маусым-Халықаралық балаларды қорғау күні жұмыс сапарымен Атбасар қаласында болып, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбасылардағы балалардың жазғы лагерге демалуы үшін «Discovery Borovoe» сауықтыру орталығына 50 жолдаманы салтанатты түрде тапсырды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі.

Тұрғындармен кездескен аймақ басшысы облыста көктемгі су тасқынының зардаптарын жою жəне инфрақұрылым мен əлеуметтік нысандарды қалпына келтіру бағытында тиісті шаралар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

"Биылғы көктем біз үшін үлкен сынақ болды.  Су тасқынынан Атбасар қаласы көп зардап шекті.  Мұнда 644 тұрғын үй суда қалса, оның біразы жарамсыз деп танылды. Оған қоса, мектеп, балалардың сауықтыру лагері жəне көліктік коммуникациясына залал келді. Табиғат апатының зардаптарын жою үшін облыстық бюджеттен 660,6 миллион теңге қаржы бөлінді", деді М.Мырзалин.

Осы күні аймақ басшысы салтанатты түрде су тасқыны кезінде ағын суға батқан мектеп автобусындағы балаларды құтқаруға қатысқан аудан тұрғындарына ҚР ІІМ "Құтқару операциясына белсенді қатысқаны үшін", 3-ші дәрежелі  "Құтқарушы" төсбелгілері мен облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды.

Ағымдағы жылдың 16 сəуірінде "Атбасар-Көкшетау" тасжолында балалар мінген мектеп автобусын тасқын су жолдан шығарып жіберген болатын. Осы құтқару операциясына қатысқандардың барлығы марапатталды. 

 

Соңғы жаңалықтар