М.Мәметова атындағы колледждегі Ерлік залы – жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу құралы

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кезекті «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында: «Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр.

Отанды сүю - бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні - осы», - деді Мәншүк Мәметова атындағы гуманитарлық колледждің директоры Әлима Әбдіхалықова студент жастармен кездесуде.

«Қазақтың біртуар батыр қызы М.Мәметованың есімін 60 жылдан астам уақыт мақтанышпен ту етіп көтеріп келе жатқан оқу орны оқу-тәрбие үдерісінде кешегі тарихтан мирас болып қалған Ұлы Ерлікті кейінгіге насихаттап отыруды, сол арқылы жас ұрпақтың бойында отаншылдық рухты, елжандылықты, жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыруды өзінің қасиетті парызы деп санайды. Ширек ғасырдан астам уақыт бойы М.Мәметованың балалық және жастық шағы, ерлігі туралы жаңа, тың мәліметтер жинақтау, Ұлы Отан соғысына қатысқан, ерлік жасаған жерлестеріміз туралы ақпараттар іздестіру, ерлікті насихаттау мақсатында түрлі патриоттық іс-шараларды ұйымдастыру колледждің бұлжымас дәстүріне айналған. 1984 жылы колледждің бір топ оқытушылары мен оқушыларының Мәншүк майданда болған Беларусь жеріне «Әкелер даңқы» жорығы, тың деректер жинақтау мақсатындағы 2012 жылы «Қызылорда-Орал-Ақтөбе» сапары, Мәншүктің немере сіңлісі А.Қ.Мәметовамен, Мәншүктің майдандасы, жазушы Ә.Нұршайықовпен, Ақтөбе қаласындағы «Қос шынар - Әлия-Мәншүк» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ғ.Байдербеспен, Ұлы Отан соғысының және Ауған соғысының ардагерлерімен ұйымдастырылған кездесулер - осының айғағы.

Жинақталған мәліметтер мен деректердің негізінде осыдан 30 жыл бұрын Мәншүк мұражайы ашылып, жыл сайын толықтырылып, жаңартылудың нәтижесінде колледж ғимаратының екінші қабатында 2010 жылы «Мәншүктану залы», ал 2012 жылы «Ерлік залы» болып қайта ашылды. Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында «Ұлы Жеңістің 65 жылдығына - жаңа жетістіктермен» тақырыбында патриоттық марафон өткізілді. Марафон аясында түрлі іс-шаралармен қатар 65 суретті-танымдық альбом жасалып, «Біз - жауынгер ұрпағымыз» атты эсселер жинағы жарық көрді.

2012 ж. 6-7 мамыр аралығында «Жастық жалынымыз - сүйікті Отанымызға» атты республикалық патриоттық форум өткізілді. Форумға ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, колледждің танымал түлектері мен ардагер ұстаздары, Мәметова Айман Қанатқызы, Ғалымжан Байдербес, республика бойынша педагогикалық, гуманитарлық колледждердің оқытушылары мен студенттері, әлеуметтік және кәсіби серіктестік өкілдері қатысты. Форум аясында танымдық-практикалық конференция, әскери-патриоттық сайыс, колледж оқытушысы Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Қ.Ембергеновтің шығармашылық көрмесі өткізіліп, колледждің бас ғимаратының 1-қабатында жабдықталған Тарих залы мен 2-қабатында жабдықталған Ерлік залының ашылу рәсімі өткізілді. Форум жұмысы Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық-драма театрында А.Қ.Мәметованың «Мәңгілікке маздаған қыршын ғұмыр» атты кітабының желісі бойынша колледж студенттерінің қатысуымен қойылған музыкалық-хореографиялық спектакльмен қорытындыланды»,-деп қорытты сөзін Ә. Әбдіхалықова.

Колледжде 2012 жылы Мәншүк туралы жинақталған мол деректер мен естеліктер негізінде колледж директоры Ә.Әбдіхалықова мен оқытушы С.Мәлімованың авторлығымен «Ерлік шамшырағы» атты кітап, колледж тарихы туралы «Білім нұры» атты суретті-танымдық альманах және конференция материалдарының жинағы жарық көрді.

2014 жылы ауған соғысы жайлы жинақталған мәліметтер мен естеліктердің негізінде оқытушы С.Мәлімованың авторлығымен «Ерлікке тағзым» аттытуынды шығарылды.

Қазіргі таңда Елбасының «Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл, ең алдымен, елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады» деген сөздерін басшылыққа ала отырып, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтуге арналған түрлі мазмұндағы кешенді іс-шаралар жоспары жасалып, бекітілді.

Бұл шаралардың Ерлік залында жинақталған тарихи деректер мен естеліктерден құралған мол мұраны мазмұнды материалдармен толықтырумен қатар, жас ұрпақ тәрбиесімен тікелей айналысатын болашақ мамандарды өз елінің нағыз патриот азаматтары ретінде қалыптастыруда да, оларды кәсіби-әдістемелік даярлау үшін де маңызы өте зор болмақ.

Соңғы жаңалықтар