М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Қазақстандағы тірек университеттердің бестігіне кірмек

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жанынан 12 қабатты оқу-зертхана корпусы салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайында Instagram парақшасында СҚО әкімі Құмар Ақсақалов мәлімдеді. Өңір басшысы ҚР Премьер-Министрі орынбасары Бердібек Сапарбаевтың облысқа жұмыс сапарының қорытындысын шығарды.

Петропавлда университеттің 12 қабаттан тұратын оқу-зертханалық корпусы салынбақ. Ол жерде заманауи 89 зертхана ашылады. Ал СҚМУ республикадағы тірек университеттердің қатарына кірмек.

«Қазір олардың саны төртеу. Біздің СҚМУ бесінші болмақ. Бұдан университет тек ұтады. Яғни, жоғары оқу орнын қаржыландыру көбейіп, оқытушылардың еңбекақысы артады, материалдық техникалық базаны жақсартуға мүмкіндік берілмек. Бердібек Сапарбаев бұл ұсынысты қолдады», - деп жазды Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысы аймақтардағы кадр жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін вице-премьерге ұсыныс жасалғанын да жазды. Оның пікірінше, әр облысты нарыққа қажетті белгілі мамандарды даярлау үшін жауапты етіп, бөліп беру қажет.

Бұдан басқа болашағы жоқ ауылдардан көшіп жатқан тұрғындарды баспанамен қамту, аумаққа газ тарту, авиарейстердің санын арттыру мәселелері де талқыға түсті. Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев солтүстікқазақстандықтардың ұсыныстарын қабыл алды.

Соңғы жаңалықтар