Ляньюньган терминалы арқылы Қазақстанның транзиттік потенциалын арттыру көзделіп отыр (ФОТО)

None
None
ЛЯНЬЮНЬГАН. ҚазАқпарат - Қытай халқаралық радиосының шақыртуымен барған қазақстандық журналистер делегациясы аспанасты еліндегі қытай-қазақстандық біріккен жоба Ляньюньган терминалының жұмысымен танысып қайтты.

Журналистердің терминал басшылығымен кедесу барысында Қазақстаннан ферроқорытпа өнімдері тиелген бір теміржол құрамы келіп жетті.

Терминал басшылығы жоба жұмысымен таныстыра келе, аталған терминал арқылы Қазақстанның транзиттік потенциалын арттыру көзделіп отырғанын жеткізді.

«Ляньюньган қаласындағы Қазақстан - Қытай халықаралық логистикалық компаниясы» директоры Лю Биннің айтуынша, 2015 жылдың соңына қарай терминал арқылы экспорттық және транзиттік жүк көлемі 250 мың 20 футтық эквивалентке жеткізу көзделіп отыр.

«2020 жылға қарай бұл көрсеткішті екі есе арттыруды мақсат тұтып отырмыз. Екі жақтың біріккен жұмысының арқасында біз жүкті темір жол арқылы тасымалдай бастадық. Жүк көлемі жылдан жылға артып келеді. Қытайдың Қазақстанға тасымалдайтын жүк көлемі артты. Қазақстан арқылы транзиттік жолға келсек, келер жылы Ташкентке дейін жеке контейнерлік поездарды жолға қоймақпыз. Өткен жылғымен салыстырғанда Қытайдың Орталық Азияға тасымалдаған жүк көлемі соңғы 4 айда 40 пайызға артқан», - деді Лю Бин.

Бүгінде аталған терминалдан Қазақстанға күніне екі пойыз аттанса, Қазақстаннан екі күнде бір пойыз келіп жатыр.

Терминалда жұмыс істейтін қазақстандық маман Дархан Есенғұлов контейнерлік пойыздардың басты тиімділігін атап өтті.

«Біріншіден, ол арзан. Екіншіден, жеткізу мерзімі қысқарады. Мәселен, Алматыға дейін контейнерлік пойыздар 6 күнде жеткізіледі. Контейнерлік пойызда аялдама болмайды. Тек шекарада тексеру жұмыстары мен техникалық ақаулар болса ғана аялдайды. Біздің мақсатымыз осы жұмысты тұрақты бекіту. Осы бағытта ҚТЖ-ның еншілес компаниясы сияқты СRСТ-мен келісімге келдік. Біз өз жұмысымызды платформа деңгейінде атқаратын боламыз.», - деді ол.

Оның айтуынша, қазір қытай-қазақстан терминалында басқа елдің де қатысын арттыру бойынша жұмыс жандана түспек. Биыл қарашада Ляньюньгандағы мамандар Қазақстанға келіп, ҚТЖ-ның еншілес компаниясы «КТЖ Экспресс» мультимодальдық компаниямен аталған жобаны жүзеге асыру үшін бірқатар келіссөз жүргізбек.

Басты мақсат өзге елдің жүктерінің Қазақстан арқылы өтуін қамтамасыз ету.

Сондай-ақ, терминалдың жүк өткізу қабілетін арттыру мақсатында бақылау өткізу посттарын автоматтандыру көзделген. Модернизациялау жұмысы жылдың соңына дейін жүзеге асатын болады.

«Ол жерде диспетчерлерге отыру қажет емес. Енді қандай болмасын көлік штрих кодын сканерден өткізіп өтетін болады. Нанзинде бұл жүк экспорттық па, импорттық па, әлде транзиттік пе соның барлығын біліп отыратын болады. Мұның бәрі сымсыз интернет арқылы онлайн режимде белгілі болады. Ляньюньган портында арнайы ақпарат орталығы бар. Барлық кран жүргізушілеріне хабарланатын болады. Онлайн режімде ол қандай контейнерді алу керектігін айтып отырады. Егер, клиент қызметке тапсырыс берсе, ол өзінің жүгінің қайда бара жатқанын онлайн режиме бақылап отыра алады, - деді Д.Есенғұлов.

«Ляньюньган порты Қазақстан үшін мұхитқа шығар жол болса, Қазақстан Қытай үшін Орталық Азия мен Еуропаға шығатын маңызды жол болып табылады. Бұл қос елдің басшысы көтерген «Бір белдеу бір жол», «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» бағдарламаларын жүзеге асыру аясында жасалған үлкен қадам. Қытай Алашанькоу, Хоргос жобаларын дамыту үшін инвестиция салуға мүдделі. Ляньюньган терминалы арқылы Қазақстанның өнімдері Қытай арқылы Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне, Азия-Тынық мұхиты елдеріне экспортталатын болады», - деді Л.Бин.

Сондай-ақ, журналистер делегациясы Ляньюньган порты маңындағы Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымына қатысушы мемлекеттердің логистикалық паркінің орнында болып қайтты.

Халықаралық логистикалық паркі шығыс және батыс аймақтардан тұрады. Жалпы көлемі 44,89 шаршы шақырымды құрайды. Жоба құны 4,7 млрд юань. Құрылыс 2020 жылға таман толығымен аяқталады. Айта кетерлігі, инновациялық кәсіпорындарды ынталандыру мақсатында мұнда салық көлемі табыстан 15 пайызға дейін азайтылады.

Айта кету керек, «Ляньюньган қаласындағы Қазақстан - Қытай халықаралық логистикалық компаниясы» - екі елдің бірлесіп жүзеге асырған ауқымды логистикалық жобаларының бірі.

Алматыға алғашқы пойыз 2015 жылдың ақпанында келіп жетті.

«Ляньюньган қаласындағы Қазақстан - Қытай халықаралық логистикалық компаниясы» 14 айда 150 мың контейнерді өңдеген. Бұл көрсеткішті 2020 жылдарға қарай 500 мың контейнерге жеткізу жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар