Луврдағы Өзбекстан музейлерінің көрмесіне қызығушылар қатары қалың

None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Париждегі Өзбекстан мұражайларының екі ірі көрмесі Еуропа жұртшылығының зор қызығушылығын тудырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі Өзбекстан Республикасының Мәдениет пен өнерді дамыту қорына сілтеме жасап.

23 қарашадан бастап Париждегі Лувр мұражайында «Өзбекстан оазистерінің қазыналары. Керуен жолдарының қиылысында» деп аталатын көрме ашылды. Ол қазіргі Өзбекстанның оңтүстік бөлігі арқылы өткен Ұлы Жібек жолының тарихы туралы баяндайды. Экспонаттар біздің дәуірімізге дейінгі V-VI ғасырларды, яғни Тимуридтер кезеңіне дейінгі заманды қамтиды.

Өзбекстанның тарихы мен мәдени өмірін бейнелейтін жәдігерлерді тамашалау үшін Луврға күн сайын 20 мың адам кіріп жатыр. Көрмеге 169 экспонат, атап айтқанда Өзбекстанның 16 мұражайынан 138, сондай-ақ әлемнің жетекші мұражайларынан 31 жәдігер қойылған. Көрме келер жылдың наурыз айына дейін жалғасады.

«Самарқандқа жол. Жібек пен алтынның ғажайыптары» атты екінші көрме Араб әлемі институтында ашылды. Экспозицияға Өзбекстанның 9 мұражайынан 300-ден астам экспонат қойылған. Олардың қатарында XIX-XX ғасырдың ортасындағы ұлттық тоқыма бұйымдарының үлгілері, костюмдер, бас киімдер, әшекейлер, Бұхара Әмірлігі дәуіріндегі алтын шапандар бар.

Еске салсақ, Лувр музейіндегі көрмеге әлемдегі ең көне Құрандардың бірі – VIII ғасырда жазылған Катта Лонгар Құраны қойылатыны хабарланған болатын.

Фото: aa.com.tr


Соңғы жаңалықтар