Луврда қазақ өнерінің көрмесі өтеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Луврда қазақ өнерінің көрмесі өтеді. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мәлімдеді, деп хабарлайды, ҚазАқпарат.

«Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дидье Канесс мырзамен кездестім. Кездесуде екі мемлекет арасындағы мәдени және спорт саласындағы ынтымақтастық пен алдағы жобаларды талқыладық. Күн тәртібіндегі ең маңыздылардың бірі, әрине, 2024 жылғы Олимпиада тақырыбы болды.

Қараша айында қос мемлекет басшыларының кездесуінде 2025-2026 жылдары Францияда қазақ мәдениетінің күндерін өткізу туралы шешім қабылданды. Бүгін біз Луврда қазақ өнерінің көрмесін, сондай-ақ артистеріміз бен шығармашылық ұжымдарымыздың қатысуымен Парижде ауқымды концерт өткізу мүмкіндігін талқыладық. Бұл мәдениет қайраткерлері үшін құнды тәжірибе болады деп санаймын», - деп жазды ведомство басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Өз кезегінде Канесс Француз киноиндустриясы Қазақстанға үлкен қызығушылық танытып отырғанын айтқан. Мысалы, Францияның киномектептері біздің студенттер оқи алатын және олармен тәжірибе алатын бағдарлама әзірлеуге дайын. Ал француз кинопрокатшылары біздің кинотеатрлармен тікелей ынтымақтастық орнатуға ниет білдіруде.

«Енді Францияда өтетін Олимпиадаға келетін болсақ. Елшілік қазірдің өзінде төртжылдықтың басты спорттық іс-шарасына арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырып жатыр.

Мысалы, 14 наурызда Олимпиада басталардан 500 күн бұрын Алматыда балалар арасындағы «Әлем айналасындағы эстафета» халықаралық жарысының кезеңі өтеді. Сондай-ақ, Елші Алматыда дзюдошылар мен каратэшілердің демонстрациялық қойылымдарын, паралимпиадашылардың қатысуымен өтетін іс-шараны және Париж Олимпиадасының бағдарламасына енген брейкданс бойынша турнирді ұйымдастыруға ниет білдірді.

Осы орайда мәдениет, туризм және спорт саласындағы бірлескен жұмысымыз алдағы уақытта да күшейтілетінін атап өткім келеді», - деп жазды Асхат Оралов.


Фото:www.facebook.com/Асхат Оралов

Соңғы жаңалықтар