«LRT» жобасын пайдалану тәсілдерін елорда әкімдігі әзірлейтін болды
2022 жылғы 12 қаңтар 11:29

«LRT» жобасын пайдалану тәсілдерін елорда әкімдігі әзірлейтін болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «LRT» жобасын пайдалану тәсілдерін әзірлеуді елорда әкімдігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жүктеді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

«Бесінші. Мемлекет басшысы атап өткендей, бәсекелес ортаға берілетін активтерді іріктеу тәсілдері анықталмаған. Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау агенттігімен, Қаржы, Әділет министрліктерімен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, биылғы 1 ақпанға дейін бәсекелес ортаға берілуге тиіс активтерді іріктеу тәсілдерін әзірлеп, тиісті қаулы жобасын Үкіметке енгізуді тапсырамын», - деген Премьер-Министр бюджетаралық қатынастардың қолданыстағы жүйесін қайта қарау бойынша бірқатар тапсырма берді.

«Орталық пен өңірлер арасындағы бюджетаралық қатынастар қағидаларын бәріне түсінікті болатындай етіп жасау қажет. Осыған байланысты, Ұлттық экономика министрлігі бюджет заңнамасына енгізілетін түзетулерді дайындап жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесін жетілдіруі қажет», - деді ол Үкімет отырысында.

Үкімет басшысының айтуынша, бұдан былай «Ауыл – ел бесігі», «Бизнестің жол картасы» сияқты салалық бағдарламалар Батыс және Оңтүстік өңірлерде белсенді іске асырылмақ.

«Жетінші, Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен Батыс және Оңтүстік өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, «Ауыл – ел бесігі», «Бизнестің жол картасы» және басқа да салалық бағдарламалар аясында жекелеген бағыттарды әзірлеуі қажет.

Сегізінші. Елорда әкімдігі Индустрия министрлігімен бірлесіп, «ЛРТ» жобасын пайдалану тәсілдері бойынша нақты ұсыныстар енгізсін», - деді Әлихан Смайылов.


Jańalyqtar

MURAǴAT