LRT жобасын 2 жылдың ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз – Астана әкімі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – LRT жобасын 2 жылдың ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Бұл туралы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл қала ішінде және елорданың айналасындағы жасыл белдеуде миллионға жуық жасыл желек отырғызуды жоспарлап отырмыз. Жыл басынан бері 733 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 22 пайызға артық. Жыл соңына дейін барлығы үш миллионнан астам шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл - 40 мыңнан астам пәтер, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары үшін мемлекет бөлген - 6 мың пәтер бар. Сонымен қатар, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасының екінші кезеңі аясында салынып жатқан барлық проблемалық үлестік нысандарды аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз», - деді қала басшысы.

Оның атап өтуінше, биыл наурызда қалалық жаңғырту бағдарламасы 2030 жылға дейін өзектендірілді, нәтижесінде 206 апатты үйді көшіру жоспарлануда.

«LRT-нің бірінші іске қосу кешенінің құрылыс жұмыстары қайта жанданды. Жобаны 2 жылдың ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар биыл ұзындығы 55 шақырым 72 көшеге құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргіземіз және Тәуелсіздік көпірі құрылысын аяқтаймыз», - деді Жеңіс Қасымбек.


Соңғы жаңалықтар