LRT желісі Төле би көшесі арқылы өтеді – Алматы әкімі

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жеңіл рельсті трамвай (LRT) желісі жобасын жүзеге асыру шешімі келесі жылы қабылданады. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды

Әуезов ауданының тұрғыны әкіммен кездесуде Алматыда LRT желілерін салу мәселесі көптен бері айтылып жүргенін жеткізді.

«2010 жылдан бері бұл мәселе шешімін таппай келеді. Мен оның қаншалықты өзекті екенін білгім келеді? Төле би көшесінің бойындағы трамвай рельстері әлі толық алынған жоқ», - деп сұрады алматылық әкімнен.

Ерболат Досаев Төле би көшесі бойындағы LRT жобасы қаланы дамыту жоспарына енгізілгенін атап өтті.

«Жақында Мемлекет басшысы Павлодарда Алматы трамвайына қатысты ойын білдірді. Біз қаланы дамыту жоспарына енгізген жаңа жоба – бұл төмен еденді трамвай типті LRT. Келесі жылдың көктемінде жобаның құнына қатысты түпкілікті шешім қабылдаймыз. Төле би көшесінде LRT болады. Саяхат автовокзалынан желілерді қосып, Ақсайға дейін созу қала үшін өте маңызды. Біз жерді сатып алу жұмыстарын жалғастырамыз. Келесі жылдың көктемінде жобаның қалай жүзеге асатынын айтамын», - деді Ерболат Досаев.

Бұған дейін Алматыда жеңіл рельсті көліктің бірінші желісі 2027 жылы іске қосылатынын жазған едік.

Айта кетейік, LRT желісінің құрылысы 2020 жылға жоспарланған болатын. Жобаның инвестициялық құны – 94 203 млн теңге.




Фото: almaty-lrt.kz




Соңғы жаңалықтар