LRT желісі Алматы - 3 жаңа вокзалы мен әуежайға дейін салынады

None
Фото: almaty-lrt.kz
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бас жоспар қоғамдық көлік дәліздерінің қуатына қарай аумақтарды дамытуға бағытталған транзиттік-бағдарланған даму (ТБД) қағидатына негізделеді. Оны нақты іске асыру үшін магистральдық қоғамдық көлік БРТ, LRT, метро дәліздерін ұйымдастыру қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласының жаңа Бас жоспарын әзірлеуші, көлік сарапшысы Роман Барабановтың айтуынша, ТБД қоғамдық көліктің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және жеке автокөлікпен жүру қажеттілігін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

«Метро, БРТ, LRT (жеңіл рельсті трамвай), сондай-ақ бөлінген жолақтар қаланың белгілі бір жерлерінде қалалық және аудандық маңызы бар көлік-ауыстыру тораптарымен (КАТ), жергілікті байланыстар деңгейінде өзара байланысты болады, сондай-ақ оларға мүмкіндігінше велоинфрақұрылым (веложолдар, веложолақтар) жеткізіледі. Сонымен қатар, КАТ бірқатар автобус маршруттарын оңтайландыруға мүмкіндік береді»,- деді ол.

Сарапшының сөзінше, толыққанды көлік-ауыстыру тораптары Алматы - 2 вокзалында пайда болады. Бұл Райымбек батыр метро станциясын қолжетімді етуге, қала маңындағы автобустардың бағыттарын Қонаев қаласына, сондай-ақ Қазақстанның басқа қалаларына электр пойызымен кетуге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ Алматы -1 вокзалының жанында метроға ауысуға жағдай жасалады. Ал, ұзарған желінің өзі БРТ және LRT-мен түйісетін болады.

Сонымен қатар, сарапшы жеңіл рельсті жүрдек көліктер жобасы қалаға көптен бері қажет екенін айтты.

«Ең алдымен LRT Төле би көшесі арқылы өтеді. Содан кейін трамвай Орбита ықшам ауданына, тұңғыш президент саябағына, батыста «Барлық» автовокзалына, Боралдай индустриялық аймағына, Алматы-3 теміржол вокзалына (болашақта салу жоспарланған), мегаполистің төменгі жағымен әуежайға барады»,- деді ол.

Айта кетейік, ҚР Үкіметі Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарын бекітті.


Соңғы жаңалықтар