«LRT ісі бойынша іздестіріліп жатқандар Интерпол сайтында жоқ»: Ақпаратқа түсінік берілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі LRT ісі бойынша айыпталушылар Талғат Ардан мен Қуаныш Сұлтанбеков іздеуде жүргендер ретінде Интерпол сайтында жоқтығы туралы БАҚ-та жарияланған ақпаратқа түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Астана қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына және LRT, BRT/ITS жобаларын іске асыруға бөлінген ақша қаражатын жымқыру фактілері бойынша өзге де тұлғаларға қатысты қылмыстық іс аясында Т. Арданға және Қ. Сұлтанбековке «қызыл бюллетень» бойынша (қамауға алу және экстрадициялау мақсатында) халықаралық іздеу жарияланды.

Жүргізілген іс-шаралар Т. Арданның Түркияда орналасқандығын анықтады. Сот оны қамауға алу үшін сырттай санкция берді. Осы мемлекеттің құқық қорғау органдары оның орналасқан жерін анықтау және ұстау бойынша іс-шаралар жүргізуде.

Сонымен қатар, Қ. Сұлтанбековтің АҚШ аумағында екендігі анықталды. Оны ұстау және экстрадициялау туралы өтініштер бірнеше рет жолданды. Алайда, АҚШ заңы бойынша егер ол көші-қон режимін бұзбаса, «қызыл бюллетеннің» болуы іздеуде жүрген адамды ұстауға негіз болмайды. Сонымен қатар, біздің азаматты экстрадициялау қылмыскерлерді ұстап беру туралы екіжақты келісімнің болмауымен қиындап отыр. Бұл мәселені уәкілетті орган пысықтайды», - делінген агенттік хабарламасында.

Сондай-ақ мәлім етілгендей, Интерпол сайтында тек кісі өлтіру, терроризм, экстремизм сынды қылмыстар үшін айыпталушылардың мәліметтері енгізіледі.

«Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы – Интерполдың талаптары мен ережелеріне сәйкес, Интерполдың жария веб-сайтында қылмыскерді іздестіру және жариялау туралы мәліметтер тек үлкен қоғамдық резонанс тудырған, сондай-ақ қоғамға жоғары қауіп төндіретін (кісі өлтіру, терроризм, экстремизм және т.б.) қылмыс жасаған адамдарға қатысты жарияланатынын атап өткен жөн.

Дәл осы талаптар іздестірілетін адамдарды бәріне қол жетімді тізімге қосуға негіз болады.

Жария веб-сайтта мәліметтерді жариялау туралы түпкілікті шешімді Интерполдың Бас хатшылығы (Лион, Франция) қабылдайды.

Еске салайық, Т.Ардан мен Қ.Сұлтанбековтің Интерпол сайтында неліктен жоқтығына қатысты Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов жауап берген болатын.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов LRT құрылысы 3,25 пайызбен несие алу арқылы аяқталатынын айтқан еді.

Жазда LRT алаңында құрылыс-монтаждау жұмыстарына дайындық басталды.

Даулы мәселе бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде LRT құрылысы ісін тергеуді жеделдетуді тапсырған болатын.

Істі тергеу 2020 жылдың басында аяқталды. Тергеу кезінде 10-нан астам адамның жауапкершілігі тексерілді. Іс сотқа 2020 жылдың 2 қазанында жолданды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2-департаментінің басшысы Сергей Перов осы іске қатысты күдікті деп танылған Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековтің қайда жүргені туралы ақпарат бар екенін мәлімдеген еді. Кейін Аstana LRT ісі бойынша үкімнің күші жойылып, іс прокурорға қайтарылды.




Соңғы жаңалықтар