Лондондағы талдау орталығында Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістігі талқыланды

None
None
ЛОНДОН. ҚазАқапарт - Халықаралық саясатты зерттеумен айналысатын британиялық «Генри Джексон қоғамы» талдау орталығында Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері талқыланды. Негізгі спикерлер қатарында қос елдің депутаттары және Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі Жалпыпартиялық парламенттік топтың төрағасы, Ұлыбритания Парламенті қауымдар палатасының мүшесі Боб Стюарт еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси салаларындағы жетістіктеріне тоқталды. Ол Қазақстанның Орталық Азияда адам құқықтарын қорғауға, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған жұмыстарын жоғары бағалап, «Астана» халықаралық қаржы орталығының өңірге инвестициялар тартудағы айрықша рөлін атап өтті.

Б.Стюарт сондай-ақ, саяси және экономикалық ырықтандыру процестері арқылы Қазақстанның терең және оң өзгерістерге қол жеткізгенін атап өтті. Ол Ұлыбританияның сенімді досы және әлеуеті зор сауда серіктесі ретінде қаралатын Қазақстанмен жан-жақты байланыстарды одан әрі нығайтудың маңыздылығы туралы мәлімдеді.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Зүлфия Сүлейменова, конференцияға онлайн қосылып, мемлекетті одан әрі демократияландыруға және саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған елдегі реформалар туралы егжей-тегжейлі баяндады.

«2019 жылдың маусым айында Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланды. Ол өзінің саяси көзқарасы сабақтастық, әділеттілік және прогресс формуласына негізделетінін, кейінірек «Күшті президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасымен толықтырылатынын атап өтті. Президенттіктің екі жылы ішінде Қ.Тоқаев Қазақстандағы саяси жаңғыртуды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға бағытталған саяси реформалардың төрт пакетін ұсынды», - деді ол.

Конференцияның басқа қатысушылары елдің халықаралық аренадағы жетістіктерін және оның қазіргі заманғы өңірлік және жаһандық процестерге белсенді қатысуы туралы сөз қозғады.

Сондай-ақ, іс-шара барысында қатысушылар Қазақстан-Британ әріптестігі мен сауда ынтымақтастығының ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларын, атап айтқанда, 2022 жылы стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы екіжақты келісімге қол қою мәселесін талқылады.

Онлайн және офлайн форматта өткен конференцияға парламентарийлер, журналистер, сондай-ақ Ұлыбританияның жетекші талдау және зерттеу орталықтарының сарапшылары қатысты.

«Қазақстанның жоспарлы экономикадан бас тартып, нарықтық экономикаға көшу кезеңі ерекше таң қалдырады. 30 жыл ішінде елдеріңіз жас мемлекеттен батыл дамып келе жатқан экономикасы, тұрақты ішкі және сыртқы саясаты бар халықаралық қауымдастықтың беделді мүшесіне дейінгі жолды лайықты жүріп өтті», - деді конференция модераторы, «Генри Джексон қоғамы» талдау орталығының өкілі Сэм Эшворт-Хейс.


Соңғы жаңалықтар