Лондондағы Инвестициялық форум: Шетелдік компанияларды Қазақстанға релокация қызықтырды

None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат - Ресей нарығынан кетіп жатқан шетелдік компаниялар Қазақстанда жұмыс істеуге ниетті. Лондонда Инвестициялық форум өтіп, британиялық бизнестің елімізге релокациясы тақырыбы ерекше талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Форум әлемге әйгілі Лондон қор биржасында биыл бесінші рет ұйымдастырылды. Мақсаты инвесторларды толық және кешенді ақпаратпен қамтамасыз ету. Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Мағжан Ілиясов жиналғандарға ел экономикасына қаражат құюдың артықшылықтары туралы айтып берді. Сондай-ақ ықтималды сын-қатерлерді бірге талқылауға шақырды. Көпшілікті, әсіресе, өкілдіктерін Ресейден Қазақстанға көшіру мәселесі қызықтырды. Релокация бойынша шешім қабылдап үлгергендер тәжірибелерімен бөлісті.

«Біз өнімдерімізді Қазақстанға экспорттаумен бірнеше жылдан бері айналысып келеміз. Географиялық тұрғыда мекенжайымызды өзгертетін кезеңге жеттік деп ойлаймыз. Қазақстанды Орталық Азиядағы хаб ретінде қарастыра отырып, көшуге өте тамаша орын деп шештік. Бизнес ашу және жүргізу үшін сіздерде өте қолайлы жағдайлар жасалған», - дейді United Concrete canvas Ltd компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Дэвид Кэшман.


Екі ел арасындағы әріптестіктің 30 жылы ішінде Ұлыбритания Қазақстан экономикасына 20 миллиард доллардан астам қаражат құйған. Соңғы 2 жылда пандемия салдарына қарамастан инвестиция Тұманды Албионнан тұрақты түрде тартылып тұрды. Ал 2020 жылы 36%, 2021-де 20% артты. Екіжақты саудада да оң динамика байқалады - ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы сауда көлемі 61% ұлғайған.

«Инвестиция ағынын әрі қарай ынталандыру үшін Қазақстанда жасалып жатқан іс-шараларды түсіндіру үшін келдік. Мәселен, жаңа инструменттер пайда болып жатыр. Ол тек барлық елдерде бар баяғы баж, кедендік жеңілдету мәселелері ғана емес. Бізде былтырдан бері стратегиялық-инвестициялық келісімшарт пайда болды. Сол туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, кездесулер өткізіп жатырмыз», - дейді ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев.


Елімізде бүгінде Британияның барлығы 575 коммерциялық компаниясы белсенді түрде әрекет етеді. Олар мұнай-газ, тау-кен және өнеркәсіп, сондай-ақ қаржылық қызмет, жоғары технологиялар мен ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс істейді. Ұлыбритания үкіметі де бизнес байланыстарды кеңейту мен тереңдетуге ықыласты.

«Біз Қазақстанмен әріптестік орнатқысы келетін осындағы экспорттаушыларға да, қазақстандық мүдделі тараптарға да қолдау білдіруге дайынбыз. Ұлыбританиядан тауарлар мен қызметтер сатып алуға ниетті компанияларға, денсаулық сақтау, білім, инфрақұрылым, энергетика сияқты ірі жобаларға қатысқысы келетін мекемелерге қол ұшын соза аламыз», - дейді Ұлыбритания Сауда және өнеркәсіп министрлігінің департамент басшысы Вомик Нур Шах.

Форум барысында инвестиция, телекоммуникация және жасыл энергетика саласында жұмыс істейтін компаниялармен екі жақты кездесулер өткізіліп, ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды. Бұдан бөлек британиялық бизнес цифрландыру, денсаулық сақтау, өңдеу өнеркәсібі сияқты салаларда бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруға шақырылды.


Соңғы жаңалықтар