«Лондонда жылқы еті жоқ, қазы-қарта табу тіпті қиын» - Ұлыбританияда қазақ диаспорасы Наурызды қалай тойлады

Фото: None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат – Ұлыбританияда тұратын Қазақ диаспорасының өкілдері Наурыз мерекесін атап өтті. Ертеректе Лондонға көшіп келген қандастарымыз дастархан басында жиналып, наурыз көжеден дәм татты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Наурыз көжеге қозының етін қостық. Қазы жоқ, қазыны қайдан табамыз?», дейді Ұлыбритания қазағы Бәдиға Саваш. Ол жергілікті қара көздердің басын біріктіретін диаспора төрағасының жұбайы. Бұл күні Бәдиға ханым Ұлыстың ұлы күні жасалатын қасиетті ас - наурыз көжені өмірінде бірінше рет пісірді. Өйткені Түркиядан осында көшіп келген қазақтар арасында бұл дәстүр кеңінен тарамаған.

Лондонда жылқы еті жоқ, қазы-қарта табу тіпті қиын. Бәдиға ханым оның орнына ағылшындар ас пісіргенде кеңінен пайдаланатын, тіске жұмсақ қозының етін және алты түрлі дән қосып, наурыз көже жасады. Қырғызстаннан жеткізілген құрт та астың дәмін келтіргендей. Бәдиға ханымның Қазақстаннан келген студенттерге деген ризашылығы ерекше. «Солардың айтуымен наурыз көже пісіріп үйрендім», - дейді ол.

«Қиын емес. Ешқандай қиындығы жоқ екен. Мен наурыз көже дегенге күрделі ас екен деп ойлаушы едім. Өте оңай жасалатын көже екен. Енді бұдан кейін, бұл тағамды жылда жасап тұрармын. Дәмді болды. Қонақтарға ұнады», - дейді Бәдиға Саваш.

Қонақтар қатарында Ұлыбританияда жұмыс бабымен тұрып жатқан қазақстандық Бағдат Дускинова да болды. Ол Орал қаласының тумасы. Лондонда мерекелік шараларды безендірумен айналысады, жолдасы - программист. Көптен бері қазақтармен қауышпағандықтан туған жерін сағынып қалғандарын жасырмайды. Оның үстіне қандастарымен бірге Ұлыстың ұлы күнін атап өтудің сәті түсіп отыр.

«Басымызды қосып, өзінің үйінде керемет той өткізіп жатыр. Ет асып, наурыз көже пісірді. Жиналған қазақтардың барлығы қуанышты. Алыста жүрген қандастар бірін-бірі сағынады. Біздің дәстүрімізді, ұлттық ас мәзірімізді сағынамыз», - дейді Бағдат Дускинова.

Саваштар отбасы - қым-қуыт заманда Алтай өңірінен Түркияға одан кейін Ұлыбританияға қоныс аударған қазақтар. Лондонда тұрып жатқандарына 40 жылға жуық уақыт болған. Отағасы Әбдісәлім Саваш - жергілікті қазақ диаспорасының төрағасы. Оның айтуынша, Лондонда өздері сияқты қырықтай қазақ отбасы тұрады. Бәрі де кезінде Түркиядан Біріккен Корольдікке қоныс аударғандар. Бір дүйім жұрт Тәуелсіздік күні, Наурыз, Айт сияқты мемлекеттік, ұлттық және діни мерекелерді бірге тойлайды.


Соңғы жаңалықтар