Лондонда сарапшылар Президент Жолдауын талқылады

None
None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат – Ұлыбританияда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды. Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов қатысқан брифингте, сондай-ақ Британ-Қазақ қоғамының мүшелері, British Council ұйымының қызметкерлері, шығармашылық интеллигенция, түрлі сала мамандары және британиялық БАҚ өкілдері қатысып, әрқайсысы өз салалары бойынша пікірлерін ортаға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Брифингте Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов академиялық және бизнес ортаға Жолдаудың басым бағыттары туралы айтып берді. Ол өз сөзінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жасалғандығын және ол қоғамның барлық маңызды мәселелері бойынша жедел әрекет етуге бағытталғанын атап өтті.

«Қазіргі геосаяси жағдайға негізделген үйлесімді мемлекет құру үшін билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орната білу керек. Бұл мақсатта Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылып, ол белгілі қоғам өкілдерінің басын біріктірді», - деді дипломат.

«Вестминстер демократия үшін» қорының өкілі Магдалена Рандалл-Шаб азаматтардың қоғамның өмірлік маңызы бар мәселелеріне тартылуы өте дұрыс шешім деп бағалады. «Бұл шынымен де тың бастама және басқа да мемлекеттерге үлгі болуы мүмкін», - деді ол.

Ал Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебінің профессоры Крис Алден Жолдаудағы бюджетаралық қатынастар жүйесін реформалау үдерісін жақсы бағалады. Оның пайымынша, жергілікті бюджетті қалыптастыруға халық белсене араласқан жағдайда өңірлер дамиды. «Бұған Ұлыбританияның озық тәжірибесі үлгі боларлық», - деді ол.

Мұнай саласы бойынша сарапшы Джеффри Тэмпл Жолдауда айтылған экономикалық реформалар бөліміне айрықша тоқталды. Сарапшы атап өткендей, экономиканы әртараптандыруды жалғастырып, шикізатқа тәуелділіктен бас тарта түсу арқылы 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуге Қазақстанның толық мүмкіндігі бар. «Шетелдік сарапшылардың ой-ұсыныстары мұқият саралану керектігі туралы ұсыныс та экономика дамуына тың серпін береді», - деді ол.



Соңғы жаңалықтар