Лондонда Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды

None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат - Ұлыбритания астанасында Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қауымға Ұлы дала еліне саяхаттаудың артықшылықтары туралы айтылды. Отандық туроператорлар шетелдік әріптестерін іскерлік қарым-қатынас орнатуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұралап қалған туризм саласы пандемиядан кейін қайта қарқын ала бастады. Шектеулер жеңілдегелі саяхатқа деген қызығушылық артты.

Халықаралық туризм көрмесі сол сұранысты қанағаттандыру үшін дүниежүзі бойынша 180 елден 5000-нан астам қатысушы және 150 мыңға жуық көрермен жинады.

«Көрме, роуд-шоу сияқты шаралардан кейін елімізге 200-500 туристке дейін келеді. Бірақ одан бөлек имиджіміз артады. Қазақстан мұндай шараларға қатыспаса, басқа мемлекеттер біз туралы білмейді. Екіншіден, туризм сауда және инвестицияның дамуына әсере етеді. Өйткені ол ұғымдар қатар жүреді», дейді «Kazakh Tourism» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Талғат Аманбаев.

Көптеген елдер үшін туризм - индустрия. Ол кіріс әкеліп, халықтың әл-ауқатының жақсаруына көмектеседі.

Қазақстанда да туризм ілгері дамып келе жатқан салалардың бірі және оның әлемдік нарықта ойып тұрып орын алуға мүмкіндігі жеткілікті.

«Қазақстанда туризм тұрғысынан шетелдік қонақтарға көрсететін көп дүние бар екендігіне сенімдімін. Бұған қоса бұл сала біздің экономикамыз үшін өте қажет индустрияға айнала алады. Сондықтан менің ойымша, Қазақстанның осындай халықаралық көрмелерге белсенді қатысуы өте маңызды», дейді Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Мағжан Ілиясов.

Басқаларды былай қойғанда британиялық саяхатшылардың елімізге деген қызығушылығы жоғары.

Олар Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан көне қалаларымыз бен тылсым табиғатымызға ынтызар. Оның үстіне ағылшындардан 30 күнге дейін виза талап етілмейді.

Пандемияға дейін 2019 жылы 23 мыңға жуық британиялық Қазақстанға атбасын бұрған екен.

«Биыл коронавирустан кейін бірінші болып, Ұлыбританиядан туристер келді. Олар, мен ойлаймын, ештеңеден қорықпайды. 12-17 күнге келіп тоқтады. Ағылшындар еліміз туралы алдын ала оқып, дайындалып келеді. Біз оларға әртүрлі қызықтарымызды ұсынамыз. Шатқалдар, саябақтар, Жібек жолы маршруттарын көрсетеміз», дейді «Тұран-Азия» туристік компаниясының директоры Гүлғайша Қасенова.

«Өкілдеріңізбен отырып әңгімелестім. Экранда көрсетіліп жатқан видеоны көріп, таң-тамаша болдым. Меніңше, сіздерде дәстүр, мәдениет, сәулет өнері және табиғат керемет үйлесім тапқан. Мен Қазақстанда ешқашан болмадым, бірақ 2023 жылы баруды жоспарлап отырмын», дейді саяхатшы Том Пейдж.

Еуропалық турист Қазақстанға табан тірегенде орташа алғанда қалтасынан 1 500 доллар шығарады екен.

Мәселен, 100 турист келсе, осындай іс-шараларға жұмсалған шығын салықтың есебінен толық жабылып, жергілікті бюджеттің де, бизнестің де кірісі еселене түседі дейді мамандар.


Соңғы жаңалықтар