Лондонда Қазақстан армиясының бітімгершілік миссиясы талқыланды

None
None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат – Ұлыбритания Лордтар және Қауымдар палаталарының мүшелері Қазақстанның әскери реформалары мен бітімгершілік қызметін талқылады. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған вебинарға, сондай-ақ ҚР Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов және ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде қазақстандық Қарулы Күштер құрылымы жағынан, кадрлар даярлау және жарақтандыру бойынша жаңғыртылып трансформацияланды. Біз Қазақстанның халықаралық бітімгершілікті іске қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Қазақстан бұрынғы Кеңес Одағының аумағында құрылған ең ірі бітімгершілік күштердің бірі», – деді Ұлыбритания Лордтар палатасының мүшесі Лорд Джон Астор.

Ұлыбритания Парламенті Қауымдар палатасының депутаты, Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі жалпыпартиялық парламенттік топтың төрағасы полковник Боб Стюарт Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік операцияларына, соның ішінде Ливан, Шығыс Сахара және Ирактағы миссияларға қатысуының жоғары маңыздылығын атап өтті. Ол сондай-ақ қос ел бітімгерлерінің БҰҰ миссияларына бірлесе қатысу мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігін айтты.


ҚР Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы полковник Олжас Құсайынов Қарулы Күштерді жаңғыртудың негізгі кезеңдері туралы айтып берді. «Осы уақыт ішінде Қазақстан бастапқыда ең ірі ядролық державалардың бірі болғанымен, кейін жойқын күшті жаһандық деңгейде таратпау саласында көшбасшы елге және бейбітшілікті қолдау жөніндегі бірлескен іс-қимылдардың белсенді қатысушысына айналды», – деді ол.


ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік даярлық орталығының басшысы полковник Бауыржан Нығматуллин Қазақстанның БҰҰ аясындағы бітімгершілік миссияларға қосқан үлесі туралы, сондай-ақ бітімгершілік қызметке қатысу географиясын кеңейту үшін қазақстандық әскери-саяси басшылықтың жасап жатқан жұмыстары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Мәселен, 1993-жылдан бастап, Қазақстан Тәжік-Ауған шекарасында, Иракта, Непалда, Грузияда, Кот-Д’Ивуарда, Шығыс Сахарада және Ливанда өткен халықаралық операцияларға қатысып келеді.

«БҰҰ талаптарына сәйкес, Қазақстан бітімгершілік қызметте гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін де дәйекті қадамдар жасап жатыр. Қазақстанның төрт әйел офицері БҰҰ бітімгершілік операцияларына қатысып үлгерді. Ал олардың бірі қазіргі уақытта Батыс Сахарада қызмет етеді», – деп атап өтті Б.Нығматуллин.

Орталық басшысы сондай-ақ британиялық тараптың көмегімен жүзеге асып жатқан «Бітімгерлерге арналған ағылшын тілі» жобасына да тоқталды. Бүгінгі таңда қазақстандық әскери қызметшілер тілдік дағдыларын дамытып жатыр.

Баяндамалардан кейін сұрақ-жауап сессиясы өтті. Вебинар – ҚР Ұлыбританиядағы Елшілігі және Британ-Қазақстан қоғамы ұйымдастырған Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Kazakhstan at 30» іс-шаралар сериясының бесінші бөлігі.


Соңғы жаңалықтар