Лондонда аты аңызға айналған британдық жұптың Қазақстанға экспедициясы туралы Н.Филдингтің кітабы таныстырылды (ФОТО)

None
None
АСТАНА-ЛОНДОН. ҚазАқпарат - Лондондық Корольдік географиялық қоғамда британдық жазушы Ник Филдингтің «South to the Great Steppe: The Travels of Thomas and Lucy Atkinson in Eastern Kazakhstan, 1847-1852» атты кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті.

ҚР-ның Бірлескен Ұлыбритания Корольдігі мен Солтүстік Ирландиядағы Елшілігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, рәсім Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 24 жылдығына орайластырылған. Шараға британдық үкімет, іскерлік және академиялық орталарының өкілдері, сондай-ақ дипломатиялық миссиялардың басшылары қатысты. «South to the Great Steppe: The Travels of Thomas and Lucy Atkinson in Eastern Kazakhstan, 1847-1852» кітабында ағылшын суретшісі әрі зерттеушісі Томас Аткинсон мен оның зайыбы Люсидің Солтүстік және Шығыс Қазақстанға жасаған саяхаттары туралы баяндалады. Олар ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамының дамуын көрсететін бірегей жазбалар, күнделіктер мен картиналарды қалдырған. Бұл құжаттар бұған дейін жарияланбаған еді.

Рәсім қатысушыларының алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Елшісі Е.Қазыханов Т.Аткинсон Қазақстанға ХІХ ғасырда саяхат жасаған бірінші британдық зерттеуші екенін және танымал британдық саяхатшының сапарынан кейін өткен 160 жылда Қазақстан дамудың қиын-қыстау тарихи жолынан өтіп, бүгінде экономикасы тұрақты әрі динамикалық дамып отырған заманауи мемлекет ретінде танылғанын атап өтті. Сондай-ақ ҚР Елшісі Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың таяуда Бірлескен Корольдікке жасаған сапары, соның барысында ІІ Елизавета патшайымды, елдің премьер-министрі Д.Кэмерон және жетекші британдық компаниялардың басшыларымен кездесуі қазақстандық-британдық қарым-қатынастар тарихында маңызды оқиға болғанына назар аударды.

Ерлі-зайыпты Аткинсондар Қазақстанда Тарбағатай, Жоңғар Алатауы, Іле маңы (Құлжа) өлкесіне, Алакөл және Балқашқа барған. Қайықпен Бұқтырма, Нарым, Ертіспен жүзіп, Риддер және Зырян зауыттарына, Өскемен, Барнаул, Зайсан, Көкпекті, Аягөз, Қопал сияқты қалалар мен станицаларға, қараталдық қазақтардың қоныстарына барған, тау алқаптарынан жаяу өтіп, Жоңғар Алатауы мен Алтай шыңдарын бағындырған.

Соңғы жаңалықтар