Лондонда «Астана» ХҚО артықшылықтары айтылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Лондонда заңгерлер мен консалтинг компанияларының өкілдеріне «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы ақпарат берілді.

Түсіндіру жұмыстарын қаржы орталығының артықшылықтарымен етене таныс британиялық әріптестері жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі таңда 53 британиялық компания «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген. Олар консалтинг, заң, IT және басқару қызметтерін ұсынумен айналысады.

Сарапшылардың пікірінше, халықаралық инвесторлар соңғы екі жыл көлемінде әлемде және біздің елде болған оқиғалардан кейін екі ойлы болып қалған. Украинадағы қақтығыстар мен Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы олардың сеніміне селкеу түсіргендей. Ал бизнес қауымдастықтың бетін бері қарату үшін оларды толыққанды ақпаратпен ұдайы қамтамасыз етіп отыру керек. «Астана» - ағылшын құқығы қағидаттарына сүйене отырып, ерекше құқықтық режимде жұмыс істейтін, бизнес иелеріне жеңілдіктер ұсынатын халықаралық қаржы орталығы. Бұл артықшылықтар инвестциялардың Қазақстанға ағылуына жол ашады деп ойлаймын. Қаржы орталығы инвесторлардың сенімді болуына толық кепілдік бере алады. Сол туралы айтуға келдік», - дейді «Астана» ХҚО Құқықтық консультативтік кеңесінің мүшесі Эндрю Олдлэнд.


Кездесуге қатысушылар британиялық бизнес иелеріне заң және есеп-қисап қызметін көрсететін компаниялардың өкілдері. Қаржы орталығының артықшылықтары туралы олар білсе, клиенттері де хабардар болады.

Мұндай басқосулар нысаналы аудиторияны тартудың тиімді түрі, дейді ұйымдастырушылар.

Жиналғандарды Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға әсері тақырыбы аса қызықтырды. Халықарлық арбитраждық орталықтың және соттардың дауларды шешу мәселесі де олардың назарынан тыс қалмады.

«Астана» қаржы орталығының нормативтік-құқықтық ортасының жетілгендігіне және халықаралық деңгейдегі сұраныстарға жауап беретініне көзіміз жетті. Қаржы орталығы ағылшын құқығына негізделгендіктен келісім-шартқа отырған тараптар сот алдындағы дауларын шеше алатындығына сеніміміз артты», - дейді британиялық адвокат Джамшид Пиру.


Қаржы орталығы туралы британиялық ірі сауда және инвестиция компаниялары, Лондон қор биржасындағылар жақсы біледі. Бірақ тізімнің төменгі жағында тұрғандар бейхабар болуы мүмкін. Ендігі мақсат жергілікті бизнес қауымдастықты түгел қамтып, орталық жұмысын одан әрі жетілдіру. Ал бұл - уақытты қажет етеді. Дубайдағы халықаралық қаржы орталығына өз-өзін дәлелдеуі үшін шамамен 15-20 жыл кетіпті. Бірақ «Астана» қаржы орталығына 7-10 жыл да жеткілікті болады дейді мамандар.



Соңғы жаңалықтар