Лондонда алтын алған 7 чемпионымыздың біреуі ғана Риода өнер көрсетеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан төрт жыл бұрын Лондонда алтын алған 7 чемпионымыздың біреуі ғана Риода өнер көрсетеді. Ол - жеңіл атлетші қызымыз Ольга Рыпакова!

Ал жүлдегерлер қатарында болған үш спортшымыз екінші мәрте ел намысын қорғауға дайындық үстінде. Олардың екеуі - боксшылар. Бірі Лондон төрінде күміс еншілеген бауырымыз Әділбек Ниязымбетов болса, екінші боксшымыз қола медальдің иегері Иван Дычко. Ал үшінші спортшымыз әйелдер күресінен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Гүзель Манюрова.

Басқа чемпиондарымыз бен жүлдегерлеріміздің Риоға жолы түспеді.

Олардың қатарында Лондоннан кейін үлкен спортпен қош айтысып, өзге жұмыстармен айналысып кеткендері де бар. Солардың қатарында даңқты боксшымыз Серік Сәпиев, әйгілі велошабандоз Александр Винокуров бар. Қазір екеуі де ел спортының өркендеуі жолында еңбек етіп жатыр.

Ал біреулері жолдама алғанымен «допинг» дауына ілігіп, жарыстан шеттетілді. Олардың қатарында төрт чемпионымыз бар.

Олар: Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова.

Ал Лондонда жүлде алып, Риоға жолдама ала алмағандар қатарында еркін күрестен Ақжүрек Таңатаров пен грек-рим күресінің балуаны Даниял Гаджиев бар.

Қазақстан тарихында тұңғыш Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанған боксшы қызымыз Марина Вольнова тұрмыстық себептерге байланысты Риоға баруға құлық танытқан жоқ.

Соңғы жаңалықтар