Лондонда Абай-Бернс қауымдастығы құрылды

None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат - Лондонда Хәкім Абай мен Шотландияның атақты ақыны Роберт Бернс атындағы қауымдастықтың тұсауы кесілді. Қос елдің ұлы тұлғаларының өлеңдері оқылып, әндері шырқалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қонақтарды шотландтардың ұлттық музыкалық аспабы волынкада халық әні «Қамажайды» орындаған жартылай ағылшын, жартылай шотланд Мэттью Макрэй күтіп алды. Әдетте волынканы Шотландиямен байланыстырады. Бірақ анығында оған ұқсас аспап қазақ халқында да бар - желбуаз деп аталады. Сондықтан да болар, халық әнін орындау өнерпазға қиынға соқпады.



Роберт Бернс - шотланд ақыны, фольклоршы, көптеген поэмалар мен өлеңдердің авторы. Оның поэзиясына ирония, сарказм және лиризм тән.

Өлеңдерін Қуандық Шаңғытбаев және Өтежан Нұрғалиев сынды бірнеше қазақ ақыны тәржімалаған. Бернс Абай Құнанбайұлынан жарты ғасыр бұрын дүниеге келген, бірақ шығармашылықтарына тән ортақ тақырыптар көп.


«Абай мен Бернстің поэзиясы өте ұқсас. Осы шараға келер алдында мен Абайдың шығармаларымен таныстым. Екеуі де өте сезімтал ақындар. Махаббат, сұлулық, табиғат туралы жазған өлеңдеріне тәнтімін. Ұлы тұлғалардың әруағы қауымдастықтың құрылғанына қуанып, бір аунап жатқан шығар», - дейді Абай-Бернс қауымдастығының мүшесі Уильям Пэйти.

Қауымдастықтың тұсаукесері поэзия кешіне ұласып, ұлы тұлғалардың шығармалары қазақ және ағылшын тілдерінде оқылды. Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері сүйікті әншісінің репертуарындағы «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» өлеңдерінің мазмұнын шебер жеткізе білді.


«Абайдың өлеңдері өте әуезді келеді. Сан-алуан эмоцияларға бөлейді. Оқыған кезде ән тыңдап отырғандай әсерде боласың. Осыдан кейін қазақ поэзиясын оқи бергің келеді, елге саяхаттауға ынталандырады», - дейді қауымдастық мүшесі Себастьян Данн.

Абай-Бернс қауымдастығының басты мақсаты екі ел арасындағы мәдени және рухани байланыстарды нығайтып, жан-жақты дамуына атсалысу, ұлы ақындардың шығармашылығын ұлықтау. Ұйымға әзірге 50-ден астам дипломатия, білім және бизнес өкілдері мүше. Болашақта олардың санын арттыру жоспарланып отыр.


«Мен Қазақстанмен соңғы 7 жылдан бері іскерлік байланыс орнатып келемін. Мәдениеті ғажап, өйткені халқы ғажап! Сол туралы көрген-білгенімді Ұлыбритания халқына жеткізгім келеді. Тұманды Альбион да мәдениетке бай. Шотландияның баға жетпес құнды дүниелері де ерекше. Мәдени алмасуды нығайту - басты міндетіміз», -дейді Абай-Бернс қауымдастығының негізін қалаушы Афзал Амин.

Қауымдастыққа Қазақстанмен бизнес жасайтын ортаның өкілдері демеушілік етеді. Ұйымдастырушылар жылына кемінде екі басқосу өткізуді жоспарлап отыр - Астанада және Лондонда. Сонымен қатар шараларға шағын қалаларды да тарту межеленіп отыр.


Соңғы жаңалықтар