Ломбардтар мен микроқаржы ұйымдардың қызметі қалай реттеледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда кредиттеу субъектілеріне қатысты тиісті реттеу және қадағалау тетіктері енгізіледі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл бағыттағы қадамдар бүгін Мәжілісте таныстырылған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында іске асырылмақ.

Заң жобасы аясында реттеушілік және тұтынушылық несиелеу нарығындағы жүйелік проблемаларды жою мақсатында несиелеудің барлық субъектілеріне қатысты реттеу мен қадағалауды енгізу көзделеді.

«Халықтың борыштық жүктемесінің үздіксіз өсуін болдырмау мақсатында барлық кредиттеу субъектілеріне қатысты тиісті реттеу және қадағалау құралдарын енгізу талап етіледі», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі күні тұтынушылық қарыз шамамен 5 млн адамда бар. Олардың жалпы берешегі 4 трлн теңгеден асады. Әрбір қарыз алушының берешегі орташа алғанда 800 мың теңгені құрайды.

Тұтынушылық кредиттер портфелінің неғұрлым белсенді өсуі реттелмейтін секторда байқалады - бұл онлайн-кредиторлар, несиелік серіктестіктер және ломбардтар. Сонымен қатар, азаматтардың қомақты несие алуы артуда, реттелмейтін субъектілер тарапынан қарыз алушылардың мүдделері бұзылуда.

«Аталған проблемаларды шешу үшін қадағалау органының реттеу ауқымына несиелеудің барлық субъектілерін енгізе отырып, оны кеңейту ұсынылады. Ұсынылатын тәсілдерде банктік емес кредиттік ұйымдарды реттеудің сараланған жүйесін енгізу көзделеді», - деді О. Смоляков.

Атап айтқанда, Қазақстан азаматтарына қарыз беру бойынша кез келген қызмет жаңа қадағалау органының толық реттеу аясында болады.

«Кредиттік серіктестіктердің, ломбардтардың, микроқаржы ұйымдарының (оның ішінде онлайн-кредиторлардың) несиелік қызметі қолданыстағы «Микроқаржы ұйымдары туралы» Заңның негізінде микроқаржылық қызмет ретінде айқындалады», - деп атап өтті ҰБ өкілі.

О. Смоляков заң жобасында аталған әрбір субъектінің жұмыс істеп тұрған бизнес-үлгісін өзгерту көзделмейтінін, тек қызметтің нақты түріне тән тәуекелдерге байланысты талаптар енгізілетінін атап өтті.

«Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға қойылатын әмбебап талаптарда микрокредиттерді беру қағидаларының болуы, кредиттік бюроға ақпарат беру міндеттілігі, КЖ/ТҚҚ саласындағы талаптарды сақтау міндеттілігі қамтылады», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған заң жобасы аясында Қазақстанда қаржы нарығын реттейтін жаңа агенттік құрылмақ.

Соңғы жаңалықтар