Ливанға жіберілетін қазақстандық бітімгерлер қажетті қару-жабдықпен қамтамасыз етілген

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «ҚР Үкіметі мен Үндістан Үкіметі арасындағы БҰҰ-ның Ливандағы Уақытша күштеріндегі үндістандық батальон құрамында қазақстандық бітімгершілік контингентті бірлесіп өрістету тәртібі туралы өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Меморандумға 2018 жылғы 21 тамызда БҰҰ-ның миссияларына қатысуға ҚР Қарулы күштерінің әскери қызметшілерін жіберу туралы ҚР Парламентінің 2018 жылғы 15 маусымдағы қаулысын жүзеге асыру мақсатында қол қойылған.

«Құжатта бітімгершілік контигентті бірлесіп өрістету, атап айтқанда, қолбасшылық ету және басқару, қаржылық және медициналық қамтамасыз ету, сондай-ақ жеке құрамды даярлау тәртібі айқындалған. ҚР Қарулы күштері Ливанда 1978 жылдан бастап өрістетілген үндістандық бітімгершілік контигентінің қарамағына 120 әскери қызметшіден тұратын ротаны ұсынады», - деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров.

Рота қажетті қарумен және оқ-дәрімен, жеке және арнаулы жабдықпен қамтамасыз етілген. Өзара іс-қимыл тәртібі БҰҰ-ның рәсіміне сәйкес реттелген. Сонымен қатар ол аталған аумаққа бағытталатын әскери қызметшілер қажетті вакцинациядан өткенін жеткізді.

«Әскерилеріміздің БҰҰ миссиясына қатысуы халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосады. Сондай-ақ халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде, оның ішінде Қазақстан Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүшелігінің қорытындысын шығару аясында да Қазақстанның беделін нығайтады», - деп түйді Талғат Мұхтаров.

Бұдан бұрын хабарланғандай, маусым айындағы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстанның 120-ға жуық әскери қызметшісі Ливандағы миссияға қатысатыны мәлім болды.

Сонымен қатар Қазақстан әскерилері Ливандағы бітімгерлік миссиясына әзірленіп жатқандығы айтылған еді.

БҰҰ миссиясында Қазақстан бітімгерлеріне төленетін еңбекақы мөлшері де белгілі болды.  

Соңғы жаңалықтар