Литваның Сыртқы істер министрі Қазақстанға сапармен келді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Литва Республикасының Сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергис Қазақстанға ресми сапармен келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Литва Республикасының Сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергистің Қазақстанға ресми сапары аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхта Тілеуберді БАҚ алдында литвалық әріптесімен өткен келіссөздің қорытындысы туралы мәлімдеме жасады.

«Бүгін Габриэлюс Ландсбергис мырзамен біз Қазақстан мен Литва арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын талқыладық, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмастық.

Литвалық достарымыздың Астанаға сапары Қазақстан мен Литва арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орайластырылған.

Осы жылдар ішінде елдер арасында екіжақты және көпжақты форматтағы сындарлы қатынастар мен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін барлық деңгейлерде сенімді диалог жолға қойылып, қолдау көрсетілуде», - деді Сыртқы істер министрі.

Вице-Премьер Вильнюстің Астана үшін Балтық аймағында да, жалпы Еуропалық одақта да маңызды және сенімді серіктес екенін атап өтті.

Литва 2016 жылы алғашқылардың бірі болып Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді (КӘЫК) ратификациялады, оған республикамыздың Еуропалық Одақ елдерімен 29 салада ынтымақтастығының құқықтық негіздері қаланды.

Аталған келісім ережелерін іске асыру екіжақты форматта да, өңірлік және жаһандық деңгейде де Қазақстанның және Еуроодаққа мүше мемлекеттердің саяси өзара іс-қимыл көкжиегін кеңейтуге және экономикалық байланыстарын тереңдетуге жәрдемдеседі.

Түрлі халықаралық алаңдарда өзара қолдау көрсету Қазақстан-Литва ынтымақтастығының өзіне тән стиліне айналуда», - деді Мұхтар Тілеуберді.


Соңғы жаңалықтар