Литвалық мейманға ерке Есілдің жағалауы ұнады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Физика пәнінен өткен 45-ші Халықаралық Олимпиадаға қатысу үшін Астанаға келген Вильнюс университеті теоретикалық физика және астрономия институтының бас ғылыми қызметкері Павел Богданович Астана қаласынан алған әсерін ҚазАқпарат тілшісімен бөлісті.

«Қазақстанға мен бірінші рет келіп отырмын. Өкінішке орай, Кеңес одағы кезінде Қазақстанға келу маңдайыма жазбапты. Елдің астанасы Алматыдан Астанаға көшкені жайлы хабардар болдық, әрине. Мен үшін жаңа астананы көру үлкен қызығушылық туғызды. Вильнюс - көне қала. Ал, маған Астана өзінің жастығымен ұнады. Әсіресе, Есіл өзенінің жағалауы адамға жан тыныштығын сыйлайды екен», - деді ол.

IPho-ның өзге де қатысушылары сияқты П.Богданович Қазақстанда өткізілген Олимпиаданың жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанын атап өтті.

«Тек тапсырмалар өте қиын болды. Бірақ, қиындық жоқ жерде ізденіс те жоқ»,- деді ол.

Прибалтика елдерінен келген қатысушы Астанада алғаш рет қазақтың ұлттық тағамының дәмін татып көрді. Оған қымыз бен ет қатты ұнаған екен.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында физикадан өткен 45 халықаралық Олимпиаданың жабылу салтанаты өтті.

Дүбірлі додада Қазақстан құрамасы 8 орынға тұрақтады. Қазақстандық қатысушылар 3 алтын (Амир Бралин, Нұрислам Тұрсынбек, Иса Данат), 2 күміс (Дәулет Құрмантаев, Нұрбек Дінмұхаммед) еншіледі.

Жалпыкомандалық есепте Қытай, Тайвань, Оңтүстік Корея жүлделі орындардан көрінді.

Соңғы жаңалықтар