Литвада Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы аталып өтті

2022 жылғы 30 қараша, 18:28
Литвада Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы аталып өтті

ВИЛЬНЮС. ҚазАқпарат –А.Мицкевич атындағы Вильнюс облыстық кітапханасында Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған салтанатты кеш және литва тілінде қайта басылған «Абай жолы» роман-эпопеясының презентациясы өтті. ҚазАқпарат бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстандық дипломаттар М.Әуезовтің шығармашылығы, ақын-ойшыл Абай Құнанбаевтың өмірі туралы баяндайтын әлемдік әдебиет жауһарының дайындалу тарихы туралы айтып берді.

Іс-шараға онлайн режимде қосылған М.Әуезовтің немересі, арабтанушы Зифа-Алуа Әуезова литвалықтардың өскелең ұрпағы қазақтың ұлы жазушысының мұрасымен енді ана тілінде таныса алатынын, бұл мүмкіндік үшін ҚР Елшілігі мен «Жара» баспасына алғысын білдірді.

А.Мицкевич атындағы Вильнюс облыстық кітапханасының директоры Эмилия Банионите «Абай жолы» романының жаңа басылымы 2020 жылы ел астанасындағы кітапханада ашылған Абай Құнанбайұлы атындағы оқу залының інжу-маржанына айналатынын атап өтті.

Іс-шара аясында Абай өлеңдеріне, оның ішінде литва тіліне аударылған музыкалық шығармалар орындалды.

Сондай-ақ елшілік дипломаттары қонақтарға биыл тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде мерейтойлары тойланып жатқан қазақ халқының екі көрнекті өкілі – Ахмет Байтұрсынов пен Роза Бағланованың өмірі мен шығармашылығы туралы айтып берді.

Кеш соңында қонақтар қазақ әдебиеті, мәдениеті және халқымыздың тарихы туралы көбірек білуге мүмкіндік бергені үшін алғыс білдірді.

М.Әуезовтің литва тіліндегі «Абай жолы» қайта басылып шыққан роман-эпопеясының және Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» повесінің тұңғыш тұсаукесері 2020 жылдың 14 желтоқсанында пандемия жағдайында онлайн режимде өтті. Жарық көрген кітаптар Литваның барлық облыстық және басқа да ірі кітапханаларына сыйға тартылатын болады.


Фото: gov.kz

Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar