Литвада Қазақстан Президенті реформаларының үшінші пакеті талқыланды

None
None
ВИЛЬНЮС. ҚазАқпарат – Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев Литва Сеймінде парламентаралық достық тобымен ҚР Парламенті Мәжілісі сайлауының қорытындыларын және Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған реформалардың үшінші пакетін талқылауға арналған онлайн кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Достық тобының құрамындағы онлайн кездесуге оның төрағасы – Сеймнің депутаты Эдмундас Пупинис, Сеймінің вице-спикерлері Юлюс Сабатаускас және Йонас Ярутис, ЕКПА вице-спикері Лайма Андрикене, Литваның бұрынғы премьер-министрі Альгирдас Буткявичус және басқа да депутаттар қосылды.

Өткен сайлауды қорытындылай келе, отандық дипломат депутаттардың назарын елдің одан әрі саяси жаңғыруы аясында жүзеге асырылатын «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының арқасында мүмкін болған жаңа саяси шындықтарда өткенін атап өтті.

Осы тұрғыда Елші кездесуге қатысушыларды Қазақстанда кезең-кезеңімен жүргізілген демократиялық реформалар, оның ішінде көппартиялықты дамыту, ел саясатындағы әйелдер мен жастардың өкілдігін ұлғайту, парламенттік оппозиция институтын енгізу және т. б. шаралар туралы хабардар етті.


Сонымен қатар, В.Темірбаев Президенттің жаңа бастамалары (үшінші пакет) Қазақстанның саяси жүйесін одан әрі институционалдық дамыту және адам құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру тұрғысынан үлкен мәнге ие екендігіне назар аударды.

Өз кезегінде Литва депутаттары Қазақстанды одан әрі демократияландыру жөніндегі реформалардың барысын жоғары бағалады. ҚР адам құқықтары жөніндегі Омбудсмен институтының дамуына, сондай-ақ СOVID-19 пандемиясы кезеңінде ҚР азаматтарын әлеуметтік қамтамасыз ету жөніндегі шараларға қызығушылық танытты.

Екі жақты және жаһандық күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылай отырып, литвалық депутаттар Қазақстан мен Литва арасындағы сенімді әріптестікті қолдау, сондай-ақ сауда-экономикалық, мәдени және басқа да салалардағы ынтымақтастықты нығайту бағытын растады.


Соңғы жаңалықтар