Литвада 239 қазақстандық студент «Болашақпен» оқып жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Литвада 239 қазақстандық студент «Болашақ» бағдарламасымен қоса білім алып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Литва Сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергиспен өткен келіссөздің қорытындысы туралы БАҚ алдында мәлімдеме жасаған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді екі арадағы мәдени байланыстардың мазмұнына тоқталды

«Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жоспарлы түрде дамуда. Қазір Литвада «Болашақ» бағдарламасымен қоса 239 қазақстандық студент білім алуда. Литва университеттері озық медициналық стандарттарды қазақстандық білім беру жүйесіне трансферттеуге белсенді қатысады», - деді вице-премьер.

Оның пайымынша, екі елдің жақындасуында тарихи жады маңызды фактор атқарып отыр.

«Литвада қазақ халқының жаппай жер аудару жылдарындағы көмегі жылы еске алынады және бағаланады. Литвада қазақ халық музыкасының концерттері жүйелі түрде өткізіліп тұрады, қазақ классиктерінің кітаптары литва тілінде жарық көрді. Әл-Фараби орталығы, Вильнюс аудандық кітапханасында Абай атындағы оқу залы жұмыс істеуде, сонымен қатар «тоғызқұмалақ» ойынының федерациясы да ашылды. Габриэлюс Ландсбергис мырзаның сапары Астана мен Вильнюс арасындағы екіжақты және көпжақты форматтағы достық пен серіктестік қатынастарды нығайтуға қосымша серпін береді деп сенемін», - деп түйіндеді Мұхтар Тілеуберді.


Соңғы жаңалықтар